Елорда көк тумен көмкерілді: Республика күні қарсаңында мыңнан астам байрақ ілінді

Шараның мақсаты - ұлттық рәмізге деген құрметті арттырып, ел тұрғындарының рухын көтеру

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республика күні қарсаңында елордадағы көпқабатты тұрғын үйлер көк тумен көмкерілді. Астананың барлық ауданындағы ғимараттарға мыңнан астам байрақ ілінді. Бұл бастама елордалық жастардың ұйымдастыруымен өткен «Менің Қазақстаным!» атты акция аясында жүзеге асқан. Шараның мақсаты - ұлттық рәмізге деген құрметті арттырып, ел тұрғындарының рухын көтеру, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Биыл да Астана көшелері мемлекеттік тумен безендірілді. «Менің Қазақстаным!» атты дәстүрлі акция аясында өткен шараға елорданың барлық 6 ауданы белсене қатысып, мыңға жуық жалау ілінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама егемендікке деген құрмет пен елге деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Айта кетейік, еліміздің заңнамасына сәйкес, әр азамат өз үйіне көк байрағымызды іліп, Отанға деген құрметі мен патриоттық сезімін осылай көрсете алады.

«Бұл - жыл сайын өткізілетін “Менің Қазақстаным!” челленджі аясындағы дәстүрлі акциямыз. Жыл сайын патриоттық шара ретінде ғимараттардың қасбеті мен балкондарына көк ту ілінеді. Бұл - халқымыздың еліне деген сүйіспеншілігі мен егемендігімізге деген құрметінің белгісі. Осындай патриоттық акцияны жыл сайын ұйымдастырып келеміз», – деді Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Әбдірахман.

Елорда тұрғындары өз үйлеріне мемлекеттік туды ілуді мәртебе санайды. Олардың айтуынша, көк байрақтың көкте желбіреуі ел бірлігі мен тәуелсіздіктің символы. «Туымыздың биікке ілінгенін көрген сайын, елімізге деген сүйіспеншілік арта түседі» дейді тұрғындар. Олардың пікірінше, мұндай бастама жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, Республика күнінің мән-маңызын терең ұғынуға жол ашады. Ал кейбіреулер мұны ел рухын көтеретін тамаша дәстүр деп бағалап отыр.

«Біз Республика күнін жыл сайын осылай атап өтеміз - ту іліп қоямыз. Себебі, Астанада тұратын халық мұны көріп, қуанады деп ойлаймын. Әр жолы ту ілген сайын өзіміз де шабыттанып, ерекше қуаныш сезінеміз», – дейді қала тұрғыны Нұрсаба Болатбек.

«Күн сайын осы көшедегі әдемі туларды көру ерекше сезім сыйлайды. Бір сәт өзіңнің Қазақстанда өмір сүріп жатқаныңды сезінесің. Сол әсерден кейін күнде көріп жүрейін деп мен де көлігімнің ішіне ту іліп қойдым. Үйде де іліп қойған туларым бар», – дейді қала тұрғыны Ерасыл Құрманғазы.

Расында мемлекеттік туды ілу - ел рухын көтеріп, патриоттық сезімді оятатын игі дәстүр. Бұл мерекеге арналған басты шаралардың бірі болған. Ал ту ілуден бөлек, қала бойынша 150-ге жуық мәдени және қоғамдық іс-шара ұйымдастырылмақ. Мерекелік бағдарламалар тек орталық алаңдарда емес, тұрғын үй алаптарында, мектептер мен мәдениет ошақтарында да өтеді. Қала тұрғындарын ән мен күйге, көтеріңкі көңіл күйге бөлейтін концерттер де жоспарланған.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телернасы, Астана

Оқи отырыңыз: Кеншілер әулетінің 150 жылдық еңбек жолы: Қарағандыда үлгілі отбасы тұрады

Новости партнеров