Мемлекет басшысы олардың еңбегіне зор ризашылығын білдірді
«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш». Бүгін Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Ақордада өткен іс-шарада еліміздің үздік азаматтары бас қосты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев егемендік декларацияның 35 жылдығы – еліміз үшін аса маңызды тарихи меже екенін айтты. «Құжат мемлекеттігіміздің берік арқауы, халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі» деді. Президент соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жасалған аса маңызды қадамдар мен реформаларға да тоқталды. Қоғамдағы әділеттілікті күшейту жолында қолға алынған бастамаларды баяндады. Әділетті Қазақстанды құру жолында басқа да нақты шараларды тізіп шықты. Ел экономикасының әлеуетін де айтты.
Мемлекет басшысы «барлық салада атқарылған жұмыс өз жемісін беріп жатыр, бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, өзгерістерді міндетті түрде жалғастырамыз» деді.
«Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу. Сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Президент адал, бәсекеге қабілетті азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіп, қолдап, жұмысшы мамандарын қадірлейтін қоғам құру маңызды екенін жеткізді. Ол адал еңбегімен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Оларға «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның халық әртісі» атағын беріп, «Отан», «Еңбек Даңқы», I дәрежелі «Барыс», ІІ дәрежелі «Барыс», «Ел бірлігі» ордендерін табыстады. Сондай-ақ әрбір облыста жүздеген азамат Президент Жарлығымен жоғары мемлекеттік наградамен марапатталады. Мемлекет басшысы олардың еңбегіне зор ризашылығын білдірді.
«Мен механизатор болып 45 жылдан бері бір шаруашылықта еңбек етіп келемін. Ақордада Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан “Еңбек Ері” орденін алу – мен үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш», – деді механизатор Мұрат Қаражұманов.
«Бүгін Ақордаға алғаш рет келіп тұрмын. “Еңбек даңқы” орденін Президенттің өз қолынан алу – өмірімдегі ең әсерлі сәттердің бірі. Жылу жүйесінде 28 жыл жұмыс істедім, енді осы мекемеден зейнетке шықсақ деп отырмыз. Елдің бәріне мұндай мүмкіндік бұйыра бермейді ғой, сондықтан ерекше толқып тұрмын», – деді қазандықтардың аға шебері Аманбек Сарыпбеков.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысының Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі