Ғылым мен бизнес бірлескен бастама: Алматы қалалық грант иегерлері қандай өзекті мәселелерді шешпек
Ғылыми гранттар байқауы қорытындысы бойынша үздік 23 жобаға жалпы сомасы 348 млн теңге берілді
Алматыда ғылыми гранттар байқауы қорытындыланды. Үздік 23 жобаға жалпы сомасы 348 млн теңге берілді. Жеңімпаздар қатарында жер сілкінісін ерте анықтау, ауаның ластануын бақылау, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, қала инфрақұрылымын дамыту және жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған бастамалар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тың жобаларды анықтауға арналған байқауға барлығы 229 өтінім түскен. Алдын ала іріктеуден кейін 191-і келесі кезеңге өтті. Қатысушылар бес апталық акселерациялық бағдарламадан кейін жобаларын сарапшылар комиссиясының алдында қорғады. Нәтижесінде 23 ғылыми әзірлеме қаржыландыруға ие болды. Соның бірі - Қаныш Сәтбаев университетінің Алматыны селден қорғауға арналған жобасы.
«Үлкен Алматы көлінің алдындағы табиғи тоспаны зерттедік. Жоғары жақтағы мареналдық көлдер жарылса, ол өзін ұстап қала ма, жоқ па? Зерттеу жұмысын картаға түсіріп, оны Төтенше жағдайлар минитсрлігіне және Алматы қаласының әкімдігіне береміз», – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Медетхан Заппаров.
Жеңімпаз жобалардың қатарында сейсмикалық құбылыстарды ерте анықтау жүйесі, автокөлік пен өнеркәсіп орындарынан шығатын зиянды қалдықтарды тазарту технологиясы, ауа, су және топырақ сапасын цифрлық бақылау шешімдері бар. Тағы бір жоба аллергенді өсімдіктерді бақылауға бағытталған. Оның көмегімен өсімдіктердің тозаң тарату кезеңдері анықталып, тұрғындарға аллергия қаупі туралы хабарланады.
«Бұл жобалалардың ерекшелігі әр жоба қаламыздың өзекті проблемасын шешуге бағытталған. Талабымыз мемлекттен ғана қаражат алып қоймай, бизнестің де үлесін арттыру», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
Жеңімпаздарды қалалық мәслихат депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, ғылыми қауымдастық пен қоғам өкілдері қатысқан конкурстық комиссия анықтады. Ал жеңімпаздарды Алматы әкімінің орынбасары марапаттады.
Айта кетейік, ғылыми әзірлемелерді қолдау Президенттің ғылымды дамыту және инновацияны экономикаға енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр.
Асыл Махметов, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Спорттық Алматы: қолжетімді жаттығулар, жаңа нысандар және халықаралық жеңістер