Ғылымға серпін берген тәуелсіздік: отандық зерттеушілердің тың жетістіктері қандай

Соңғы он жылда еліміз ғылымның түрлі саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел дамуының, өркендеуінің өзегі ғылым мен білім екенін әлем әлдеқашан мойындаған. Мемлекетіміздің Тәуелсіздігі жөніндегі декларациясы қабылданған 35 жылдан бері аталған сала ауыз толтырып айтарлықтай жоғары жетістікке жетті. Бұл оң өзгерістердің барлығы да тәуелсіздіктің жемісі екені анық, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Ғылым арқылы өркениетті елдер деңгейінде өркендеуге ден қою – алда тұрған маңызды міндеттің бірі. Соңғы онжылдықта еліміз ғылымның түрлі саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.

«Ғылым академиясы 1946 жылы құрылған. Оның алғашқы президенті Қаныш Сәтбаев болған. Сол кезеңде ол кісі Қазақстанның өнеркәсібі мен ғылымының, білім саласының дамуына зор үлес қосты. Қазір де ілгерілеу бар. Мысалы, Ақтөбеде карбамид өндіретін зауыт салынып жатыр – бұл өте маңызды жоба. Сондай-ақ кремний кластері бағытында Қарағандыда зауыт іске қосылды. Оның алғашқы пеші жұмысын бастады, ал бір айдан кейін төртінші пеш те қосылмақ», – деді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев.

Қазақстан ғарыштық зымырандарды ұшыру алаңы ретінде танымал екені мәлім. Мақтанып та, марқайып та айтатын Байқоңыр - ел ғылымындағы оң серпілістің бірі. Себебі, 2019 жылы мұнда Қазақстанның тұңғыш ғарыш аппараты сәтті ұшырылып, еліміздің ғарыштық зерттеулерінің жаңа дәуірін ашты. Қазақстан медициналық және денсаулық сақтау саласындағы ғылымға да елеулі үлесін қосты. Күллі әлем аурумен арпалысқанда отандық ғалымдар QazCovid-in аталатын вакцина әзірледі.

«Жас ғалымдардың әзірлеуімен жусан мен өзге де өсімдіктерден туындайтын аллергияға қарсы вакциналар дайындалып жатыр. Бұл - нановакциналар, олардың әлемде баламасы жоқ. Сондай-ақ кванттық офтальмология саласында еңбек етіп жүрген ғалым Мұхит Құлмағамбетовті атап өтуге болады. Ол қазір Гонконгта Нобель сыйлығының лауреаттарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Көз ауруларын емдеу бағытында жасанды интеллектіні қолданып, ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген де отандасымыз бар», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Әлиханов.

Бүгінде елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 400-ге жуық ұйым бар екен. Сондай-ақ оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосуда. Одан бөлек, жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан қолдау мен демеу саланың қарыштап дамуына оң серпін беріп келеді. Цифрға сенсек, бүгінде елімізде 22 мыңнан астам ғалым болса, соның 40 пайызы - жастар екен.

«Жаңадан келген жас ғалымдарды қолдау мақсатында үш жылдық гранттар беріледі. Бұл гранттарға конкурстық негізде қатысып, белді жас ғалымдар жеңімпаз атанады және үш жыл бойы өз зерттеулерін жүргізеді. Бұдан бөлек, жас ғалымдарға шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін «500 ғалым» жобасы бар. Бұл бағдарлама аясында олар әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында кәсіби біліктілігін арттырып, елге оралған соң ғылымға өз үлесін қосып жатыр», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Білім және қоғамды дамыту орталығының директоры Жеңісбек Төленов.

«Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Жолдауында айтқаны. Жаһан жасанды жады дәуіріне қадам басқан тұста біздің мемлекет те үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек дегенді алға тартты.

«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейін, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда ғылымды қаржыландыру 3,3 есеге өскен. Бұл 809 ғалымды әлемнің жетекші орталықтарына тағылымдамаға жіберуге және материалдық-техникалық базаны жаңартуға мүмкіндік береді екен.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстан өз тізгінін қолына алған күн: Егемендік декларациясына 35 жыл толды

Новости партнеров