Әйелімнің суретіне лайк басқан: айыпталушы Руслан Берденовке не үшін оқ атқанын айтты

Бүгінгі процесске экс-депутат тағы да қатысқан жоқ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шенеунік Руслан Берденовке оқ атқан айыпталушы өзінің бұл әрекетінде жеке сипаттың болғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Берденов әйеліме «әдемісің» деп жазып, суретіне «лайк» басты. Бүгінгі сотта күдікті осындай мәлімдеме жасады. Жиембайдың сөзінше, экс-депутат оған түрлі балағат сөздер айтып, ар-намысын жерге таптаған. Салдарынан ашуға булыққан азамат оны «қорқыту» мақсатында оқ атыпты. Тіпті, жұбайының айтқан кей сөздері де бұл әрекетке түрткі болған көрінеді.

Сотта тағы бір тың деректің беті ашылды. Айыпталушының айтуынша, Руслан Берденов кешірім беремін деп түрлі шарт қойған көрінеді. Тіпті Шымкент әкіміне жала жабуды сұрапты-мыс.

«Әкем әлеуметтік желіде жазса, кешірім беретінін айтты. Әйелім жазды, кешірім болмады. «Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тапсырыс берді, өлтіруге жалдады» деп түсініктеме беруімді сұрады», – деді айыпталушы.

Бүгінгі процесске экс-депутат тағы да қатысқан жоқ. Қорғаушысының айтуынша, қала әкімінің орынбасары ауруханада ем қабылдап жатыр. Тіпті оның сотқа мүлдем қатыспауы да мүмкін. Осыған байланысты судья Руслан Берденовтен онлайн режимде жауап беруін талап етті.

 «Берденовте операцияға дайындық болып жатыр. Өкпе, бауырында оқ-дәрі бар. Оңалтудан кейін сотқа қатысуы мүмкін», – деді жәбірленушінің өкілі Жеңіс Тыныбек.

Еске салсақ, 21 сәуірде әкімдік алдында атыс болып, белгісіз біреу қала басшысының орынбасарына бірнеше рет оқ жаудырған. Бұл шабуылдың басты күдіктісі ретінде «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының бұрынғы басшысы Ернар Жиембай ұсталған. Қазіргі таңда ол әрекетін ішінара мойындап отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында мемлекет меншігіне 5 мың гектарға жуық жер қайтарылды

Новости партнеров