ІІМ: Елімізде тұрмыстық озбырлыққа бейім мыңдаған азамат бақылауға алынды

Бұл туралы Үкіметте өткен жиында Ішкі істер министрі мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде отбасының шырқын бұзып, күш қолданатын 2 мың адам қауіпті топқа жатқызылды. Бұл туралы Үкіметте өткен жиында Ішкі істер министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ержан Сәденовтің сөзінше, отбасындағы озбырлықтың жолын кесу үшін қауіп-қатерді бағалаудың ұлттық стандарты енгізілген. Оның аясында үйінде жиі жанжал шығаратын 58 мың азамат тексеріліп, зорлық-зомбылықты қайталауы мүмкін адамдар қатаң бақылауға алынған. Министр одан бөлек, ащы суға сылқия тойып алып қылмыс жасайтындардың саны 2,5 пайыз азайғанын айтты. Ал алкоголь сататындар тарапынан 9 мың заңбұзушылық анықталған. 4,5 мың  кәсіпкер лицензиясынан айырылып, 900 миллион теңгеден аса айыппұл арқалаған.

«Көшедегі тәртіпке ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ол үшін бейнебақылау жүйесін дамытып жатырмыз. Барлық қала мен аудан орталықтарында жедел басқару орталықтарын ашып жатырмыз. Жылдың аяғына дейін барлық ауданға дейін жетеді. Бұл қоғамдық орындарда жағдайды үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Премьер-министрге «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан шаруалар туралы өзге де ведомство басшылары есеп берді. Мәселен Оқу-ағарту министрінің дерегінше, биыл 9 айда психологиялық қолдау орталықтары 17 мыңға жуық бала мен 9 мың ата-анаға көмек көрсеткен. Олжас Бектенов жауаптыларға мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуды күшейту, қоғамдық және жол қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдарды бақылау тетігін құруды тапсырды. Сондай-ақ алкоголь саудасына бақылауды күшейтіп, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды және ішімдікке тәуелді адамдарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру міндетін жүктеді.

«Президент үнемі айтады, нағыз патриот ол – бірінші кезекте заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз керек. Тәртіп болмаса, елімізде ешқандай экономикалық, әлеуметтік, саяси, басқа мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Алматыда шағын Венеция мен LRT желісі қашан қолданысқа беріледі