Қазақстанда 660-тан астам дәрі-дәрмектің бағасы арзандады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Мониторинг нәтижесінде 1309 препараттың бағасы өзгеріссіз қалғаны анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жүздеген дәрілік препараттың бағасы төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомство мәліметінше, дәрі-дәрмектердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету және олардың бағасын бақылау мақсатында еліміз бойынша мониторинг жүргізілген. Зерттеу барысында 2026 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша Қазақстанның 20 өңіріндегі дәріханаларда сатылатын 2635 дәрілік препараттың бағасы талданған.

Мониторинг нәтижесінде 1309 препараттың бағасы өзгеріссіз қалғаны анықталды. Бұл зерттелген дәрілердің шамамен 49,5 пайызын құрайды. Ал 669 дәрілік заттың немесе 20,4 пайыз препараттың бағасы төмендеген.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта бөлшек сауда желісінде сатылатын 4994 дәрілік препарат шекті бағаны мемлекеттік реттеу тетігімен қамтылған. Соның арқасында реттелетін сегменттегі дәрілердің жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталып отыр.

Сондай-ақ Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қолданылатын 3000-нан астам дәрілік препарат қосылған құн салығынан босатылған. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілер де бар.

Министрлік алдағы уақытта да дәрілік заттардың бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Егер дәріханаларда дәрі-дәрмектің шекті бөлшек сауда бағасынан жоғары бағамен сатылу фактілері анықталса, азаматтар шағымды арнайы мобильді қосымша арқылы жолдай алады. Ол үшін тауарлық чек пен дәрінің қаптамасының фотосын тіркеп, өтінішті DariKZ мобильді қосымшасы арқылы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жіберуге болады.

Бұдан бөлек, аталған қосымша арқылы дәрілік заттарды қолданғаннан кейін пайда болған жағымсыз әсерлер туралы ақпарат беру мүмкіндігі де қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Қызылордада қаржы пирамидасын ұйымдастырған әйелге сот үкімі шықты

Новости партнеров