Алматы облысының криминалистері қылмысты ашуда заманауи технологияларды қолдануда
Елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелсе, оның шамамен үштен бірі аса ауыр санатқа жатады. Мұндай істерді ашу үшін мұқият тексеру, нақты дәлел мен кәсіби сараптама қажет, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен, Алматы облысының криминалистері биылдың өзінде 2 мыңнан астам жедел тексеру жүргізіп, арнайы базалардың көмегімен қылмысқа қатысы бар 200-ден астам адамды анықтаған. Қылмыс орнындағы «үнсіз» айғақтарды сөйлететін бұл саланың қиындығы мен қызығы бөлек.
Криминалистика – баллистикалық, трасологиялық, дактилоскопиялық және биологиялық зерттеулерді қамтитын күрделі ғылым. Мұнда жұмыс резеңке қолғап киіп, көзге көрінбейтін ұсақ детальдарды саралаудан басталады. Тіпті, кішкентай іздің өзі істің тағдырын шешуі мүмкін. Әсіресе, баллистикалық зерттеу кезінде қарудың техникалық жағдайы мен оның бұрын қолданылған-қолданылмағаны жіті тексеріледі.
Криминалистердің басты құралы – арнайы қобдиша. Оның ішінде ультракүлгін шамдар, магнитті ұнтақтар мен үлгі алатын құралдар бар. Мамандар оқиға орнына жеткен бойда аумақты қоршап, айғақтардың бұзылмауын қадағалайды. Осы салада 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Рүстем Зәкіров қылмыс орнында «керек емес зат болмайтынын» айтады.
«Оқиға орнын өте детальды, тыңғылықты қарау керек. Қылмыста керек емес заттар болмайды, әр заттың өз рөлі бар. Қылмыс тәсілдері өзгерген сайын, оны ашудың әдістері де жетіліп отырады. Әр криминалист жан-жақты болуы тиіс. Бізде дактилоскопия, суық қаруды зерттеу, трасология, баллистика, құжаттарды зерттеу, почерк және габидоскопия сияқты 7 бағыт бойынша рұқсат болуы керек», – деді ПД Жедел-криминалистика басқармасының бас криминалисі Рүстем Зәкіров.
Криминалистика – полиция қызметіндегі ғылымға ең жақын сала. Былтыр Алматы облысының мамандары 200-ге жуық баллистикалық зерттеу жүргізіп, ауыр қылмыстар бойынша 70 рет оқиға орнына шыққан. Технология дамыған сайын, қылмыскерлерді анықтау мүмкіндігі де артып келеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы