Қазақстандықтардың өтелмеген қарызы 1,5 трлн теңгеге жетті

Бұл – несиесін үш айдан бері төлей алмай жүрген азаматтардың жиынтық берешегі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандықтардың банкке өтелмей тұрған қарызы 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – несиесін үш айдан бері төлей алмай жүрген азаматтардың жиынтық берешегі. Экономистер мұны елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындауымен байланыстырады. Бұдан бөлек, несиеге жүгінетіндердің де саны артып келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл өтініш беру көлемі 15  пайыз өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Несие алушылар саны азаймай тұр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл қыркүйек айында елдегі жалпы кредит көлемі тағы 1,8 пайыз өсіп, 39 трлн теңгеге жуықтаған. Оның басым бөлігі тұтынушылық мақсатқа берілген. Бұл барлық несие портфелінің шамамен 45 процентін құрайды. Екінші орында бизнеске арналған қарыздар  - 38, ал ипотекалық несиелердің үлесі - 17 пайыздан асады. Экономистер халықтың жиі қарыз алуын тұрмыс деңгейінің төмендеуімен және қаржылық сауаттың жеткіліксіздігімен байланыстырып отыр.

«Халықтың несиеге көп жүгінуінің ең бірінші себебі -- бұл төлем қабілеттілігінің жетіспеушілігі. Азаматтар өзіне қажетті азық-түлікті, техниканы несиеге алуға мәжбүр болып отыр. Екіншіден, қаржылық сауатсыздықтың төмендігі. Несие алғаннан кейін оның пайызының болатындығы, оның қайтаратын уақыты туралы ақпараттарға толыққанды мәлімет болмағандықтан, несиені алып, қайтара алмай жатады. Үшіншіден, ақша несиені рәсімдеудің қолжетімділігі. Яғни, 2-3 минутта онлайн несие алу деген қазіргі уақытта көп қиындық тудырмайды. Ол да халықтың несиеге кіріп кетуіне жанама әсерін тигізіп отыр», – деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Биылдың алғашқы 9 айында қазақстандықтар несиеге көп жүгініпті. Осы кезеңде халық жалпы 15 триллион теңгеге жуық қарыз рәсімдеген. Несие алушылар көбейгенімен, оны уақытында қайтара алмай жүргендердің де қатары аз емес. Соңғы үш айдың өзінде азаматтар банктерге 1,5 триллион теңге қарызын өтей алмаған. Сарапшылар мұндай жағдай экономикалық тәуекелдерді күшейтіп, елдің қаржы жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертіп отыр.

«Екінші деңгейлі банктердің алдарындағы 1,5 трлн теңге қаржы жүктемесінің тым жоғары болуына байланысты қайтарылмай отыр. Яғни, табыстың басым бөлігі коммуналдық шығындарға, азық-түлікке кетіп, одан кейінгі қалған бөлігі, тіпті аз бөлігі несиеге қарай жұмсалып жатқандықтан, ол да осындай әсері бар. Екіншіден, экономикалық қысымның да көп болуы деп айтуға болады. Яғни, халықтың басым бөлігі табыстың басым бөлігін осындай қысымдардың жеп жатқандығын айтуға болады. Сол үшін де дәл қазіргі уақытта табыс табатын кәсіпорындардың ашылуын, санын көбейту арқылы ғана мәселені шешуге болады», – деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Елорда тұрғындары да табыстың жартысынан көбі азық-түлікке кететінін жасырмайды. Сондықтан жұрттың амалсыз қарыз алып, оны өзге қажеттіліктеріне жұмсауына тура келеді.

«Ақша жетпейді, жалақы аз. Елдер әрі-бері жер көріп, көргісі келеді. Үйіне заттар керек, ақша жетпейді», – деді қала тұрғыны Ақан Мәкібаев.

«Әркім өз мүмкіншілігіне байланысты алады. Ешкім ақшаны үлкен пайызбен қарыз алмайды.  Ақша керек болады. Біреу тойға, біреу оқуға, біреу емге алады», – деді қала тұрғыны Тоты Игісенова.

Сала мамандары несиеге тәуелділікті азайту үшін бірнеше қадам қажет екенін айтты. Біріншіден, қалау мен нақты қажеттілікті ажырату маңызды. Сарапшылар жаңа шыққан тауарды бірден алуға ұмтылу артық шығынға әкелетінін айтады. Екіншіден, қосымша табыс табуға мүмкіндік беретін кәсіппен айналысқан жөн. Сондай-ақ орташа жалақыны өсіру несиеге жүгінуді төмендетудің басты жолы деп отыр. Табысы артпаған халық қарызға жиі жүгінеді, бұл инфляцияның өсуіне әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Несиеге мал алғандарға мемлекеттен 85 пайыз кепілдік беріледі

Новости партнеров