Кене шаққанда не істеу керек: Алматы дәрігерлері тұрғындарға ескерту жасады

Қазірдің өзінде мегаполисте 80-ге тарта адамды кене шаққан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда күн күрт жылынғалы жәндік атаулы оянып, аса қауіпті түрлері де қаптап барады. Қазірдің өзінде мегаполисте 80-ге тарта адамды кене шаққан. Осыған байланысты дәрігерлер тұрғындарды сақ болуға шақырып, көкке шықпас бұрын қауіпсіздік шараларын пысықтауды ескертті. Қалада кенеге қарсы ауқымды өңдеу жұмыстары басталып та кетті. Биыл мамандар 2,3 мың гектардан астам аумақты дәрілеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы және Алматы облысы кенеден тарайтын инфекциялар бойынша эндемиялық аймақ саналады. Яғни, қауіп басқа өңірлерге қарағанда жоғары. Сондықтан шаһарда дәрілеу кезеңі 26 наурызда басталып, орман алқаптары, саябақтар мен халық көп жиналатын демалыс орындары тазартылып жатыр. Қазірдің өзінде 250 гектардан астам жер өңделді.

«Алматы қаласы кене инфекциялары бойынша эндемиялық аумаққа жатқаны үшін ағымдағы жылы да кенеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды. Бүгінгі күні Алатау, Алмалы және Әуезов аудандарының саябақтарында басталды. Бостандық пен Жетісу ауданында жұмыс жалғасуда. Өңдеу жұмыстары 26 сәуірге дейін жүреді», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Ахметова.

Эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, наурыз айынан бері ондаған адам дәрігер көмегіне жүгінген. Нақтырақ айтсақ, кене шаққан 78 науқас травматологияға түскен. Олардың басым бөлігі – балалар.

Асқынулар тіркелмеген. Мамандар кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді жолы – вакциналау екенін тағы айтты. Әсіресе, табиғат аясына жиі шығатын жандар үшін иммуноглобулин екпесін салу маңызды. Оның әсері 5 жылға дейін жарамды екен.

Кене теріге жабысып, қан сорған кезде сілекейімен бірге түрлі инфекция қоздырғышын ағзаға енгізуі мүмкін. Соның ішінде ең қауіптісі – энцефалит пен боррелиоз. Ол қан арқылы тез тарап, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Аурудың алғашқы белгілері тұмауға ұқсас екен.

«Науқастар, мысалы, кенені өздері алмақшы болып жатады. Осы тұрғыда айтарымыз тұрғындарға жедел жәрдемге хабарласып, арнайы травмпункт орталықтарына келіп, сол жерден арнайы вакцина алу керек. Жәндікті денеңізден өзіңіз алуға тырыспау керек, немесе алған жағдайда, үстіңізден көргенде өлтіруге болмайды. Өйткені қан арқылы терінің склерасы жарақаттанып, сол арқылы вирус таралуы мүмкін», - деді қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Бауыржан Қалымбетов.

Былтыр қалада 2 500-ге жуық адамды кене шаққан, олардың 47 пайызы – балалар. Сол жылы кене энцефалитінің 4 жағдайы және кене боррелиозының 2 дерегі тіркелген еді. Қазір Алматыда 1 700-ден астам адам екпе алған. Қосымша вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, биыл қала бойынша 8 орман алқабы мен 100-ден астам саябақ және жасыл аймақ өңделеді. Ең ауқымды жұмыс Медеу ауданында жүргізілмек.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түркістанда әкесін өлімші етіп ұрып-соққан ер адамның жазасы ауырлады

Новости партнеров