«Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыратын арнайы комиссия жұмысын бастайды
Президент халық тағдырына әсер ететін шешім қабылдайтын адамның ниеті мен қолы таза болуы керек екенін айтты
Мемлекет басшысы ел дамуының орта және ұзақмерзімді жоспарлары барын айтып, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, заң үстемдігі және шынайы отаншылдықтың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы, жемқорлықпен күрес, мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформа және қоғамда жаңа жасампаз құндылықтарды орнықтыру – ауқымды жұмыстың бастамасы ғана. Алда әлі талай міндет пен биік белес бар.
Мемлекет басшысы ел дамуына қатысты орта және ұзақмерзімді жоспарлары барын атап өтті. Сондай-ақ Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғауға қатысты кейбір мәселе әлі түбегейлі шешілмегенін айтып, бұл бағытта бейқамдық танытуға болмайтынын ескертті.
«Менің ойымша, Мемлекет басшысының міндеті – жүйелі әрекет ету, діттеген мақсаттан айнымау, ел тағдырындағы маңызды шешімдер үшін жауапкершілік арқалау. Еліміздегі өзгерістердің қарқын алғаны қуантады. Ол енді тоқтамайды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқаты мен ұлттық мүддені жеке басының қамынан жоғары қоятын мемлекетшіл тұлғалар қажет екенін айтты. Оның сөзінше, шынайы отаншылдық адамдарға қамқорлық жасаудан және кейінгі ұрпаққа қандай мұра қалдыратыныңды ойлаудан көрінеді.
«Бақ-дәулет келеді де кетеді, ал соңыңда жасаған ісің мен жақсы атың қалады. Соның бірі – ертең адамдар, келер ұрпақ игілігін көретін әлеуметтік инфрақұрылымдар», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қоғамда заң үстемдігін орнықтыру үшін азаматтардың моральдық ұстанымы берік болуы керегін атап өтті. Осыған байланысты жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мен «Таза Қазақстан» тұжырымын дәріптеудің маңызын айтты. Оның пікірінше, тазалық тек қоршаған ортадан емес, азаматтардың ниетінен, сөзінен және іс-әрекетінен де байқалуға тиіс.
Мемлекет басшысы ешкім заңнан жоғары тұрмайтынын айтып, бұл талап «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде де қатаң сақталуы қажет екенін ескертті. Осы бағытта арнайы комиссия жұмысын бастайды.
«Кім қылмыс жасайды, сол міндетті түрде жазасын алады. Кім өз жұмысына салғырт қарайды, сол орнынан босатылады. Жоғары лауазым – ең алдымен, жоғары жауапкершілік деген сөз. Халықтың тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдайтын адамның ниеті, ойы, қолы таза болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент адамның шыққан тегі мен лауазымынан гөрі, оның іскерлігі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ елге сіңірген еңбегі үшін азаматтарға құрмет көрсетілетінін, алайда бұрынғы жетістіктерге сүйеніп, жауапкершіліктен жалтаруға болмайтынын айтты.
Сөз соңында Мемлекет басшысы ел мүддесіне адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетілетінін жеткізді.
«Түптеп келгенде, ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету деген сөз. Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты», – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Азаматтардың тұрмыс сапасы шенеуніктердің көңіл күйіне тәуелді болмауы керек - Тоқаев