Кинологиялық қызметте иттер неше жаста зейнетке шығады

Төртаяқтылардың ерекше иіс сезу қабілетінің арқасында заңсыз айналымнан 12 мың тоннадан астам есірткі заты тәркіленген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр еліміздің кинологиялық қызметі қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 4 мыңнан аса қылмыстың бетін ашқан.

Олардың 50-ден көбі  кісі өлтіруге, 20 шақтысы қарақшылыққа, 70-тен астамы тонауға, 1000-нан көбі ұрлыққа және 50-ге жуығы есірткіге қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы жылдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және маңызды мемлекеттік нысандарды қорғауда қызметтік иттер кеңінен қолданылып келеді. Арнайы бақылау пункттерінде көліктерді тексеруден бастап, сотталғандар мен қамауға алынған адамдарды айдауылдау кезінде қарауылдарда бұл төртаяқтылар маңызды рөл атқарады. Былтыр ел бойынша арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттердің арқасында 4 мыңнан аса қылмыс анықталған. Бұл бағытта Ұлттық ұланның кинология қызметі де орасан үлес қосып келеді. Былтыр әскери бөлімдер төртаяқтылардың шеберлігінің арқасында елордада 12 қылмысты әшкерелепті.

Қызметтік иттердің  иіс сезу қабілеті түрлі заңбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы мұндай төрт аяқтылар мыңға жуық иісті ажырата алады екен.

«Іздестіруші иттер тек сотталған адамдарды этаппен шығарып салу, күтіп алу және сот залына айдауылдап алып барып, қайтып келу барысында қолданылады. Үшінші санаттада есірткі іздейтін ит өзіміздің арамызда сотталушыларды тексеріп алады», – деді 6636 әскери бөлімінің кинолог маманы Нұржан Тілдахметов Нұржан Тілдахметов.

Кинолог мамандар қызметтік иттерді алты айынан бастап арнайы дайындықтан өткізеді. Жаттығулар барысында олардың иіс сезу қабілеті тұрақты түрде дамып, әр тапсырмаға бейімделуі қамтамасыз етіледі. Мамандар осындай сынақтар арқылы әр тұқымның психологиялық ерекшеліктерін зерттеп, қандай міндетке лайықты екенін анықтайды. Сала мамандарының пікірінше, төртаяқты күзетшілердің қырағылығы мен кинологтардың кәсіби еңбегі – қауіпсіздіктің көрінбейтін, бірақ шешуші қалқаны. Олардың рөлін ешқандай технология алмастыра алмайды дейді.

 «Қызметтік иттің иіс сезу, иіс қабілетін алмастыратын зат жоқ және ондай техника жоқ. Сол себепті қызметтік ит ешқашан артқа, артқы планда қалып кете алмайды. Ол үнемі қажет. Ол қашқан адамның ізін, адамдарды іріктеуге, жарылғыш заттарды, есірткіні табу үшін керек», – деді 6636 әскери бөлімінің кинолог маманы Нұржан Тілдахметов.

Қызметтік иттердің зейнетке шығу жасы арнайы нұсқаулықпен белгіленген. Ережеге сәйкес, тәртіп сақшыларының серіктері 8 жыл қызмет атқарады. Одан кейін олардың иіс сезу қабілеті біртіндеп төмендейді.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Рамазанға 22 күн қалды: cауап жасау үшін бай болу міндетті емес

Новости партнеров