Көкпар: Қазақстан құрамасы Тәжікстаннан 8:4 есебімен басым түсті

Моңғолиядан келген ағайын бұл жолы жарысқа Қазақстан тарапы дайындаған сәйгүліктермен шықты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістанда көкпардан әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Тоғыз жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырған тарихи додаға әлемнің 9 елінен ең таңдаулы құрамалар жиналған. Төрткүл дүниенің назарын аударған  басты бәсеке жаңадан бой көтерген заманауи атшабарда өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv  

Көкпарсүйер қауым тағатсыз күткен айтулы дода Ресей мен Моңғолия құрамалары арасында өтті. Моңғолиядан келген ағайын бұл жолы жарысқа Қазақстан тарапы дайындаған сәйгүліктермен шықты. Шабандоздардың айтуынша, бөтен атқа үйренісу үшін небәрі 2-3 күн уақыт кеткен.

«Біздің құрамада 12 жігіт келдік. Барлығы – қандас бауырлар, бәсекеге қатысып жүрген балалар. Аударыспаққа да қатысқан балуандар бар», – деді Моңғолиялық көкпаршы Оразақын Қоронхан.

 Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры — 30 миллион теңге. Жарыс регламентіне сәйкес, 17-19 наурыз аралығында топтық кезең ойындары өтеді. Мұнда оқ бойы озық шыққан командалар жартылай финалға жолдама алады. Ал 20 наурызда шешуші кезеңнің іріктеуі өтіп, 21 наурызда, яғни Әз-Наурыз қарсаңында чемпион мен жүлдегерлер есімі белгілі болады. Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы додаға әзірлікті бір ай бұрын бастаған.

«Отыз күн ақпарат барлығына жібердік. Енді тоғыз команда қатысады. Оларға сәттілік тілейміз. Жарыс барысында кім мықты екенін көрсетеді», – деді Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин.

Жарыстың алғашқы айналымында-ақ нағыз тартыс басталды. Ресей құрамасы Моңғолияны 3:0 есебімен тізе бүктірсе, жерлестеріміз, яғни Қазақстан құрамасы Тәжікстаннан 8:4 есебімен басым түсті. Ал Қытай мен Өзбекстан арасындағы бәсекеде өзбекстандық шабандоздар 10:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Нұркен Әкімхан

Оқи отырыңыз: Наурызнама онкүндігі: бүгін – Ұлттық киім күні

Новости партнеров