Көктайғақ, жүру мүмкін емес: қарағандылықтар қардың уақытылы тазартылмағанына наразы

Қалада қар тазалауға 306 бірлік техника мен 230 жұмысшы жұмылдырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандылықтардың қаладағы қар тазалау жұмыстарына көңілі толмайды. Соңғы күндері жауған қалың ақ ұлпа елді әбден әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағандылықтарға көлікті тұраққа қою қиынға соғып, оны зақымдап алу қаупі туған. Аялдамалар мен тротуарларда, жол бойында жиналған қар үйінділерінен жүріп-тұру тіпті мұңға айналды. Тұрғындар әсіресе көшелердегі жүргінші жолдарының тазаланбауына наразы.

«Өте жиі тазаланбаған жолдар кездеседі. Негізінен аулаларда, емханалардың маңында жүру қиын. Қарапайым жаяу жүргінші жүре алмайды, тайғақ, тұз себу керек еді. Бұрын көшелерде жұмысшылар жиірек істейтін, қазір сирек тазалайтындай көрінеді», – деді қла тұрғыны.

«Көшелер тайғақ, сондықтан құлап қалмау үшін бірнеше жылдан бері «мұзға қарсы аяқ киіммен» жүрмін. Орталықта жақсы, ал шеткері аудандарды мүлде тазаламайды», – деді қала тұрғыны.

Қалың жауған қардың салдарынан коммуналдық қызмет саласының жұмысы күшейтілген режимге көшті. Тіпті жауапты мекеме жұмыскерлері жолдың жиектерін ақ ұлпадан аршып үлгермей жатыр. Халық тарапынан түскен шағымның санында есеп жоқ. Алайда жергілікті билік өкілдері шаһарды қардан тазартуға тырысып жатқанын айтып, ақталды.

«Жолдарды тазалау екі ауысымда жүргізіледі. Әрине, бүкіл қаланы бірден қамту мүмкін емес. Қосалқы жолдардың, тротуарлардың да қарын күреп жатырмыз. Соңғы екі күнде қар қалың жауып, жұмыс көбейді. Шағымдар түсіп жатыр, біз барынша жедел әрекет етуге тырысамыз», – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің бөлім басшысы Амантай Рашитов. 

Қарағанды қаласында қазір қар шығаратын мердігерлік ұйымдар тәулік бойы жұмыс істеуде. Оған 306 бірлік техника мен 230 жұмысшы жұмылдырылған. Жалпы шаһардан 1522 текше метр қар сыртқа шығарылыпты. Әйтсе де көңілдері күпті тұрғындардың компанияларға деген сенімінен гөрі күдігі басым.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңз: Алматының қалалық қызметі қардың жаууына және күннің күрт суытуына дайын

Новости партнеров