Оның айтуынша, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бұзылмайды, билік тармақтарының ешқайсысы формалды түрде бір-бірінен жоғары қойылмайды
Конституциялық реформаның ұсынылып отырған өзгерістері қаншалықты негізді және олар қандай тәуекелдер тудырады — бұл туралы Kazinform агенттігіне берген сұхбатында «Мемлекеттік-құқықтық пәндер» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Еркінбек Нұртазин айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бір палаталы Парламентке көшу, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, сондай-ақ өкілді демократияның жаңа институттарын қалыптастыру — Конституциялық реформаның негізгі мәселелері сарапшылар ортасында қызу талқылануда.
— Бір палаталы Парламентке көшу қаншалықты негізді деп ойлайсыз?
— Бір палаталы Парламентке көшу — конституционализм теориясы мен практикасы тұрғысынан алғанда толықтай негізді шешім. Мемлекеттің унитарлық құрылымы, әдетте, бір палаталы Парламенттің болуын көздейді.
Қолданыстағы жүйенің мәселелерін шешу үшін болашақ Парламент кәсіби органға айналуы тиіс. Оның құрамына меритократия қағидаттары негізінде сайланатын немесе тағайындалатын заңгер-практиктер, ғалымдар, саясаттанушылар, экономистер және елдің зияткерлік элитасының өкілдері кіруі қажет. Оптималды құрам 107 депутаттан тұруы мүмкін деп есептеймін.
Мұндай Парламент тек заң шығару ғана емес, сонымен қатар өкілдік функцияларды да атқарып, мемлекеттің ішкі саясатын қалыптастыруға қатысып, өкілді демократия идеяларының, құндылықтары мен қағидаттарының шоғырланған орталығына айналуы тиіс.
— Жаңа жүйеде билік тармақтарының теңгерімі қалай өзгереді деп ойлайсыз?
— Президент, Құрылтай, Үкімет және вице-президент арасындағы билік теңгерімі жалпы алғанда сақталады. Тежеу мен тепе-теңдік жүйесі түбегейлі бұзылмайды, билік тармақтарының ешқайсысы формалды түрде басымдыққа ие болмайды.
Сонымен бірге заң шығарушы биліктің рөлі күшейеді, парламенттік бақылау тетіктері кеңейеді және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі артады. Президенттің, Құрылтайдың, Үкіметтің, Конституциялық және Жоғарғы соттардың өкілеттіктері жеткілікті түрде теңгерімді бөлінген.
Алайда атқарушы билік бұрынғыдай жетекші әрі басым рөл атқаратынын түсіну керек. Қазіргі қоғамдарда күрделі қоғамдық үдерістерді басқару функциясы шешуші мәнге ие, сондықтан атқарушы биліктің күшею үрдісі алдағы уақытта да сақталады.
— Адам құқықтары мен бостандықтарын кеңейту іс жүзінде қамтамасыз етіледі деп ойлайсыз ба?
— Мұны алдын ала нақты айту өте қиын, кейде тіпті мүмкін емес, өйткені мәселе кешенді сипатқа ие. Ең маңызды қадамдардың бірі — Мемлекет басшысы 2019 және 2020 жылдардағы Жолдауларында атап өткен сот және құқық қорғау органдарын терең әрі түбегейлі реформалау.
Сонымен қатар бұл органдардың қызмет тиімділігін бағалаудың ғылыми негізделген әрі тәжірибеде тексерілген өлшемшарттары қажет, оған азаматтардың сенім деңгейі де кіруі тиіс. Халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру мәселесі де аса маңызды болып қала береді.
— Пропорционалды сайлау жүйесі елдің саяси өміріне қалай әсер етуі мүмкін?
— Пропорционалды жүйе, сөзсіз, партияаралық бәсекені және саяси плюрализмді күшейтуге қабілетті. Ол саяси партиялардың қызметін жандандырып, олардың қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлін арттыруға түрткі болуы тиіс.
— Халық Кеңесін құру идеясын қалай бағалайсыз?
— Заң шығару бастамасы құқығы бар консультативтік орган ретінде жаңа институт қалыптастыру қисынды көрінеді.
Алайда оның нақты ықпалы мен саяси-құқықтық салмағы ең алдымен құрамына, ұсынылатын заң жобаларының сапасына және негізгі функцияны — ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, кемсітушіліктің алдын алу және қоғамдық тұрақтылықты сақтау міндетін, мүмкіндігінше алдын ала ескерту сипатында, орындай алу қабілетіне байланысты болады.
— Неліктен Конституцияның мүлде жаңа редакциясына көшу қажет болды деп ойлайсыз?
— Бір палаталы Парламентке көшу туралы шешім, іс жүзінде, болашақ Парламенттің қызметіне қатысты барлық нормаларды қайта қарау тізбегін іске қосты. Бұл — қалыпты тәжірибе.
Қосымша ережелерді, соның ішінде құқық қорғау тетіктерін енгізу Мемлекет басшысының «әділетті, еститін және тиімді мемлекет» құру бағытымен байланысты. Конституцияның жаңа редакциясына көшудің қаншалықты ақталғанын уақыт көрсетеді.
Сонымен бірге жаңа Конституция автоматты түрде жаңа заңдарды қабылдауды және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ететінін ескеру керек, ал мемлекеттік органдардың практикалық қызметі бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін.
— Конституция жобасын талқылаудың ашықтығы қаншалықты қамтамасыз етілген?
— Белгілі бір деңгейде ашықтық теледидар, бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Алайда қоғамдық талқылаудың тереңдігі мен сапасы көбіне түсіндіру жұмыстарына және ақпараттың кең жұртшылыққа қолжетімді болуына байланысты.
— Жаңа Конституцияның легитимдігін не күшейте алады деп ойлайсыз?
— Конституцияның легитимдігі ең алдымен оның нормаларына нақты түрде тікелей қолданылу мәртебесін беру арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін. Негізгі заңға деген сенімді оның негізгі ережелері мен мақсаттарын қарапайым әрі түсінікті тілмен жан-жақты түсіндіру айтарлықтай арттыра алар еді.
Мұндай жұмысты Конституциялық реформа жөніндегі комиссия, Конституциялық сот немесе Президенттің өзі барлық қолжетімді ресми арналар арқылы ресми түрде жүргізе алар еді. Алдағы референдум кез келген жағдайда заңды болады, ал заңдылықты қамтамасыз етудің қосымша тетігі ретінде электронды дауыс беруді де қарастыруға болады.