Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болды
Сүйікті өнерпаздың портреті оның шығармашылығына деген шынайы ризашылықты әрі Мексика мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты білдіреді
Мексиканың Нуэво-Леон штатындағы Монтеррей қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге арналған мурал салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қабырғаға бейнеленген бұл көркем туынды жергілікті жанкүйерлерлің тарапынан әншінің шығармашылығына деген ерекше ықыластың арқасында жасалды.
Муралдың авторы — Antonio Art Mural шығармашылық есімімен танылған суретші Антонио.
Димаштың ауқымды бейнесі Монтеррей қаласының орталығындағы Francisco Javier Mina 1140, Centro мекенжайында орналасқан. Енді қала тұрғындары мен қонақтары мексикалық Dears қауымдастығының қазақстандық әншіге деген ықыласын бейнелейтін көркем туындыны тамашалай алады.
Жанкүйерлер қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, муралдың олар үшін мәні айрықша. Сүйікті өнерпаздың портреті оның шығармашылығына деген шынайы ризашылықты әрі Мексика мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты білдіреді.
Муралдың салынуы Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясында 14 қарашада Монтеррейде өтетін концерті қарсаңында айрықша мәнге ие болып отыр.
Жанкүйерлер өздерінің шығармашылық сыйы екі ел арасындағы достықтың тағы бір нышанына айналып, Мексика тұрғындарын шығармашылығы дүние жүзіндегі тыңдармандарды біріктіретін қазақстандық әншімен жақынырақ таныстырады деп үміттенеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған альбомның тұсаукесері өтті