Мемлекет дәрі бағасын өсірмейтін отандық өндірушілерді қолдайды

Отырыста министрлерден бөлек өңір әкімдері де баяндама жасап, саланың дамуына тоқталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мемлекеттік қолдау дәрі бағасын жасанды түрде өсірмейтіндерге ғана көрсетіледі». Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп бекініп отыр. Биыл Үкімет препаратқа баға белгілейтін жаңа цифрлық жүйе арқылы 36 миллиард теңгеден аса қаржы үнемдеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министрлер кабинеті өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесін қарады. Алғаш болып сөз алған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев салада жыл соңына дейін 1 жарым триллион теңгенің 190 жобасы іске қосылатынын жеткізді. Айтуынша, бүгінде 147-сі жүзеге асып, 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

«Олардың ішінде қытайлық жеңіл автокөліктерін шығаратын, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминийден жасалған қаптамалар, тұрмыстық техника, болат құбырлар және тоқыма материалдарын өндіретін ірі жобаларды атап өтуге болады. Аталған жобалар толық өндірістік қуатына шыққан жағдайда өңдеу көлемі жылына қосымша 2,3 триллион теңгеге өседі», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Отырыста еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова да Премьерге фармацевтикалық өнеркәсіптің даму бағыттарын баяндады. Сөзінше, биыл 10 айда отандық кәсіпорындар өндіріс көлемін 11,7 пайызға арттырған. Одан бөлек, импортталатын дәрі-дәрмек шикізаты қосылған құн салығынан босатылады деп отыр. Сонымен қатар ол министрлік ауруханаларда қазақстандық тауарлардың сатып алу үлесін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді.

«Ішкі нарықтың кеңеюіне қарай ұзақ мерзімді келісімшарттар кейбір жағдайларда толыққанды нарықтық бәсекенің дамуын шектейді. Сондықтан қазақстандық тауар өндірушілер арасында бәсекелестік орта құру жоспарлап отырмыз. Мысалы, бірыңғай дистрибьюторда қазақстандық тауарлардың үлесі 30 пайызға жетсе, медициналық ұйымдарда дербес сатып алу тек 10 процент», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Министрлерді мұқият тыңдаған Премьер-министр фармацевтикалық өнеркәсіпке ерекше тоқталды. Айтуынша, дәрі-дәрмекке баға белгілейтін жаңа цифрлық жүйе нарыққа қатысушылар үшін бірыңғай ереже бекіткен. Олжас Бектенов құнның төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілердің көңілінен шықпайтынын жасырмайды. Алайда ол «халықтың мүддесі басты орында» дейді.

«Дәрілер әділ бағамен сатып алынатын болады. Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз Сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Отырыста министрлерден бөлек өңір әкімдері де баяндама жасап, саланың дамуына тоқталды. Баяндамашылардың есебін естігеннен кейін Олжас Бектенов жауаптыларға өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ «отандық кәсіпорындар цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні белсенді түрде енгізуі керек» деп сөзін түйді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров