Қатысушылар осы финалға жету үшін бірнеше іріктеуден өткен
Алматыда ұлттық Miss Qazaqstan 2025 сұлулық байқауының финалы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қатысушылар осы финалға жету үшін бірнеше іріктеуден өткен. Финалдық шоу классикалық сұлулық байқауларының форматымен қатар, жаңа және заманауи элементтерді де біріктірді. Қыздар сахнаға қырғызстандық дизайнер әзірлеген ұлттық костюмдермен шықты. Ол — Miss Qazaqstan жобаларының тұрақты дизайнері.
Финалда ерекше көзге түскен деталь — көк түс айрықша мәнге ие болды. Бұл түс еркіндікті, ішкі күшті, ашық мінезді және өз жолына деген сенімділікті білдіреді.
Қазылар алқасы бірнеше турдың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Miss Qazaqstan 2025 тәжін шымкенттік 22 жастағы Алина Екатеринчева (Ри) иеленді.
Алина үш жасынан бері би билейді. Ол осы уақыт ішінде талай сахнада өнер көрсетіп, өзіне деген сенімділігі пен көрермен алдында еркін тұру қабілетін шыңдаған.
Оған 14 жасында алғаш рет модельдік ұсыныстар түсіп, содан бері сән көрсетілімдері мен жарнамалық түсірілімдерге қатысып келеді.
Алина шығармашылыққа жақын болса да, заң саласы бойынша білім алған. Алайда оның жүрегі сән әлеміне тартады. Ол болашақта киім дизайны мамандығына оқуға түсіп, жеке брендін құрғысы келеді. Енді ол Қазақстанның намысын 2026 жылы өтетін әлемдегі ең беделді сұлулық байқауларының бірі — Miss Universe жарысында қорғайды.
Miss World Qazaqstan 2025 атағын Шадияра Байкенова иеленді. Ол 2026 жылғы Miss World байқауына еліміздің атынан қатысады. Шадияра — Жүргенев атындағы өнер академиясында «Архитектуралық дизайн» мамандығы бойынша 4-курста оқиды.
Шадияра жеті жылдан бері академиялық сурет салумен айналысады. Сонымен бірге бимен де, фортепианомен де шұғылданады. Ол кейінгі екі жылда архитектор болып жұмыс істеп жүр. Қазір оның әзірлеген алғашқы жобасы — мейрамхана, қонақүй және дүкеннен тұратын кешен салынып жатыр. Сонымен қатар ол модель ретінде елдегі сән көрсетілімдеріне қатысады.
Оның сөзінше, нағыз мықтылық — қиын кезде берілмей, шүкір етіп, төзіммен алға қарап, қараңғы сәттердің өзінен де жарықты көре білу.
Байқауда өзге де номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды:
• Miss People’s Choice (көрермен көзайымы) — Алина Нұрахметова;
• Miss Adalin Clinic — Аида Жанқылыш;
• Miss Dress Angel — Лаура Ақтаева;
• Бірінші вице-мисс Қазақстан және Miss Marie Claire — Ділназ Сәрсенбай;
• Miss Sun Group — Диана Санат;
• Екінші вице-мисс Қазақстан — Кәмила Дәулетова;
• Miss Grand Qazaqstan — Әнел Емел (2026 жылы Miss Grand International байқауында Қазақстан намысын қорғайды).
Оқи отырыңыз: Оралда түрмеге тыйым салынған зат кіргізбек болғандар ұсталды