Олжас Бектенов тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды

UKIMET
UKIMET
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жыл сайын жылу беру кезеңінде өрт қаупі арта түсетінін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.

Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралдарын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұрғындардың жеке жауапкершілік деңгейі артпай отыр. Суық түсе қайғылы жағдайларға әкеп соғатын өрт саны көбейеді. Өткен қыста мұндай оқиғалар аз болған жоқ, оның ішінде адамдар зардап шегіп, қаза тапқан жағдайлар да орын алды.

«Қазіргі уақытта тұрғын үй секторында өрт саны төмендеді. Алайда бұл профилактикалық шараларды бәсеңдетуге негіз болмауға тиіс. Жылу беру маусымы енді басталды. Күз біршама жылы болғанымен, нағыз суық күндер әлі алда»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:

Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласындағы түсіндіру және профилактикалық шараларын күшейтуге тиіс. Волонтерлер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыра түсу керек.

Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім,  Төтенше жағдайлар министрліктері оқу орындарында өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша интерактивті сабақтар мен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Білім алушылар өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін нақты білуге тиіс. 

Әкімдіктер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп,  үй-жайларды аралау керек. 

Төтенше жағдайлар министрлігі тек формалды ұсыныс-нұсқаулар берумен шектелмеуге тиіс. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін барынша пәрменді шаралар қабылдау қажет.