Зорлап, атына несие рәсімдеген: Ақтауда зәбір көріп, көз жұмған бойжеткеннің туыстары сот үкімімен келіспейді

Марқұмның інісі Бауыржан әпкесі Алина Серікованы зорлаған ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда бес жігіт фитнес жаттықтырушысы болып жұмыс істейтін қызды ұрлап кетіп, бірнеше сағат бойы күштеп ұстаған. Оқиғадан соң жәбір көрген бойжеткен 9-қабаттан секіріп, көз жұмды. Ал марқұмның туысы кінәлілерге кесілген соттың үкімімен келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл оқиғаның басы. Азаматтардың Алина Серікованы қалай ұрлағандары бейнекамераға түсіп қалған. Аталған дерек былтыр14 мамырда тіркелген. Бойжеткен жұмысынан шығып, үйіне жаяу қайтады, ал әлгі бұзақылар сол уақытта спортшы қызды жолдан күштеп алып кеткен. Фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істеген Алина олармен қарсыласпақ болады, бірақ онысынан түк шықпайды. Марқұмның інісі Бауыржан Жолжан «зіңгіттей жігіттер қызды көлікке тиеп, көзін байлап, белгісіз бағытқа алып кеткен» дейді.

"Егер де айтқанымды істемесең, тыр жалаңаш шешіндіріп, төрт баланың арасына салып жіберем" деген. Машинада қорлаған. Олардың барлығы да мефедрон есірткісінің күшімен жүрген, – деді марқұмның інісі Бауыржан Жолжан.

Басты күдікті жас қызды көлік ішінде зорлап болған соң да жәбірленушіні еркіне жібермеген. Керісінші, оны газ құю бекетінің күзетші отыратын бөлмесінде қамап ұстаған.

"Бізден құтылу үшін ақша беруің қажет" дейді. Сол жерде мобиьді қосымша арқылы апамның атына 2 млн теңге несие рәсімдейді. Мына жанармай бекетінің артына көліктерін қойып, таң атқанға дейін осында ұстайды. Сосын апамды сағат 11:00 –де үй жағынан түсіріп кетеді. "Егерде сен бұл жағдайды айтатын болсаң, әке-шешеңді, сенің де қайда тұратыныңды білеміз, барлығын өлтіреміз" деп қорқытады, – деді марқұмның інісі Бауыржан Жолжан. 

Осы оқиғадан төрт күн өткен соң, яғни 18 мамырда Алина Серікова 9-қабаттан секіріп, көз жұмады. Туыстары оның бұл әрекетіне «бес жігіттің қорлық көрсеткені себеп болды» деп отыр. Ал марқұмның інісі сот үкімімен келсіпейді. Басты күдікті саналған 33 жастағы азамат Қылмыстық Кодекстің 8-бабы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылған. Басқа екі жігіт 7 жылға, ал қалған екеуі 8 жылға жаза арқалған. Іле-шала облыс прокуратурасы да соттың үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Қазіргі таңда іс апелляциялық сатыда қаралуда.

"Өз кезегінде прокурор өзінің жарыссөзінде бас фигурантқа өмір бойына, ал басқа қатысушыларға 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Маңғыстау облысының прокурорымен сот жарыссөзінде баяндалған ұстанымға сәйкес, сот үкімінің саралау бөлігі мен жаза мөлшеріне келіспегендіктен, 2025 жылғы 5 қаңтарда апелляциялық өтініш хат енгізілді"– деді Маңғыстау облысы Прокуратурасының басқарма бастығы Маия Боранбаева.

Марқұмның інісі Бауыржан әпкесі Алина Серікованы зорлаған ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Ал қалғандарына 16 жыл жаза кесуді талап етеді. Бауырын жоқтап, басын тау мен тасқа соққан азамат шыққан үкімге шағым түсірді. "Қылмыстың өтеуі - тиісті деңгейдегі жаза болуы керек",-деген ол істі соңына дейін жеткіземін деп бекініп отыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтау

Оқи отырыңыз: Қарағандыда тұрғын үйден өрт шығып, екі бала қаза тапты

Новости партнеров