Алматыдағы этномәдени бірлестіктің өкілдері қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Диаспора өкілдері Қазақстан әрдайым ұлтаралық татулықпен танылғанын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қаладағы этномәдени бірлестіктің өкілдері тұрғындарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады. Олар бұл көктем мерекесі жаңарудың, бірлік пен диаспоралар арасындағы сыйластықтың символы екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласындағы «Вайнах» шешен этномәдени орталығының төрағасы Рахман Исламов мереке қарсаңында елге бейбітшілік пен өркендеу тіледі.

«Барша қазақстандықтарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін. Еліміз дамып, өркендей берсін, қоғамымызда әрдайым келісім мен достық салтанат құрсын», — дейді Рахман Абдумуслимұлы.

Құттықтауға «Алматы қалалық ұйғыр мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Осман Убулов та қосылды. Ол бұл күнді ұлтты ұйыстыра түсетін, қазақстандықтарға ең жақын мереке екенін айтады.

«Бұл жыл баршамызға қызықты, берекелі болсын. Жыл бойы бейбітшілік пен амандықта өмір сүрейік. Аспанымыз ашық, әр үйде бақыт пен береке болсын. Еліміз өркендей берсін», — дейді Осман Тұрсынұлы өз құттықтауында.

Сондай-ақ ол Наурыз мерекесі Қазақстандағы түрлі халықтар мен мәдениеттерді біріктіріп, достық пен құрметті нығайтатынын атап өтті.

Этномәдени бірлестіктің өкілдері 21 наурыз күні Наурызнама онкүндігі аясында Ынтымақ күні — Бірлік күнін атап өтпек. Бұл күн Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты  нығайтуға арналған.

Олардың айтуынша, Наурыз әртүрлі ұлт өкілдерін біріктіріп, дәстүрді қайта жаңғыртып, оны қайта қолданысқа енгізуге сеп болатын мереке екен. 

Диаспора өкілдері Қазақстан әрдайым ұлтаралық татулықпен танылғанын, мұндай мерекелер осы құндылықтарды нығайта түсетінін айтады.

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Көктөбедегі Көрісу күнінде екі мыңға жуық алматылық бас қосты

Новости партнеров