Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады
Президент Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
– Күләш Ахметова бар ғибратты ғұмырын сәулелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге мол үлес қосқан халқымыздың аяулы ақыны еді. Нәзік қаламынан туған сыршыл өлеңдері, елдікті дәріптеген жалынды жырлары оқырман тарапынан аса жоғары бағаға ие болды. Өнегелі өмір сүріп, соңына әдеби бай мұра қалдырған Күләш Ахметованың есімі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды, – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметова 14 қарашада өмірден өтті.
Күләш Ахметова – өзінің нәзік лиризмімен, азаматтық асқақ үнімен, ұлттық руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегімен қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған тұлға. Қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған ақынның әр жылдары жарық көрген «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» секілді жыр жинақтары оқырман жүрегіне жол тауып, бірнеше буынның эстетикалық талғамын қалыптастырды.
Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан ақынның жарқын бейнесі, ұлтқа сіңірген еңбегі мен рухани мұрасы халқының жадында мәңгі сақталады. Өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасы жас ұрпақ үшін үлгі болып қала береді.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Палестина президентіне құттықтау жеделхатын жолдады