Президент: Мемлекет қазынасына қол сұғу – елге жасалған ауыр қастандық
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалғасатынын мәлімдеді
Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстанның осы кезеңдегі жетістіктеріне тоқталып, алдағы уақытта да елді дамыту жолындағы жұмыстар жалғасатынын айтты. Сондай-ақ Президент Конституцияда бекітілген «Заң мен Тәртіп» қағидатының маңызын атап өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан талай сынақтан өтіп, мемлекеттілігін нығайтты және халықаралық беделін арттырды. Бұған берекелі бірлік пен ортақ мақсат жолындағы табанды еңбектің арқасында қол жеткізілді.
– Біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті озық ел ретінде дамыту үшін әлі де белсенді әрі табанды жұмыс істей береміз. Әрине, осы кезге дейін бәріміз жұрт болып жұмылып, біраз шаруа атқардық. Өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституцияны ел тарихындағы маңызды шешімдердің бірі ретінде атады. Оның сөзінше, Ата заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, жалпыұлттық бірлікті нығайту мемлекеттің негізгі қағидаттары ретінде бекітілген. Сондай-ақ адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту конституциялық мәні бар стратегиялық міндет деп танылған.
Мемлекет басшысы Конституцияда «Заң мен Тәртіп» қағидаты халқымыздың маңызды құндылығы ретінде айқындалғанын атап өтті.
– «Заң мен Тәртіп» – мен үшін Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстаным. Түптеп келгенде, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді. Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, ешқандай реформаның нәтиже бермесі айдан анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы қағидатты басшылыққа ала отырып, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың заң талаптарын сақтауына және мемлекет мүддесіне адал қызмет етуіне қатысты ұстанымын жеткізді.
– Мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, жоғары награда, білім немесе мол тәжірибе заңға қайшы әрекетке жол берген адамды жауапкершіліктен босатпайды. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы бұрынғы жетістігіне қарап емес, бүгінгі нақты нәтижесі мен міндетіне жауапкершілікпен қарауына қарай бағалануға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдағы орны мен атақ-абыройына қарамастан барлық азаматқа бірдей қолданылатынын еске салды. Президент барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтарды терең түсініп, оны күнделікті қызметінде ұстануы керегін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Отандық азық-түлік өндірушілерінің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігі кеңейеді