Көпшілігіміз «Аллаға деген махаббат жүрегімде» дейміз. Десек те, адамның ісі, сөзі, мақсаты, тіпті ішкен асы сол махаббаттың – көрінісі екенін ескермейміз.
Almaty.tv тілшісі нәзік сезімнің сырына үңіліп көрді.
Шыныдығында Аллаға деген махаббат сөзбен суреттеп не көзге көрсететіндей дүние емес.
Ол – адамның жүрегіне тыныштық сыйлайтын, өміріне бағыт-бағдар беретін асыл сезім.
Бұл махаббат адамды өзгертеді, ойына – тазалық, сөзіне – салмақ, ісіне – жауапкершілік дарытады.
Жүрек – ниеттің мекені.
Адамның жүрегінде не бар болса, сол ерте ме, кеш пе сыртқа шығады. Себебі жүрек – ниеттің мекені. Ал ниет түзелмей, іс түзелмейді.
Аллаға деген махаббат жүректе орын алса, адамның өмірге көзқарасы өзгереді. Себебі адам ісін «Алла разы бола ма?» деген өлшеммен таразылайды. Осы сұрақты өзіне жиі қоятын адам кез келген істе өзін тоқтатады, тежейді, кейде алға жетелейді.
Махаббат – әрекетпен дәлелденетін сезім. Адамның күнделікті тіршілігі, адамдармен қарым-қатынасы, адалдығы мен әділдігі – бәрі де сол махаббаттың көрінісі.
Біреуге жылы сөз айту, әлсізге жәрдем беру, аманатқа қиянат жасамау – жүректегі иман мен махаббаттың жемісі.
Сөзі – оның жүрегінің айнасы.
Жүрегі Алланы еске алумен тынышталған жанның сөзі де байсалды, айналасын мейірімге бөлейді. Ал жүрек алаң болса, сөз де қатқыл, орынсыз, кейде өзгеге ауыр тиеді. Дінімізде «тіл – жүректің аудармашысы» деп бекер айтпаса керек.
Кім нені жақсы көрсе, соған ұмтылатыны белгілі. Егер жүрекке Аллаға деген махаббат орнықса, адамның мақсаты да тек дүниелік пайдамен шектелмейді. Ол адал еңбек етуге, артында ізгі із қалдыруға тырысады.
Адал ас – жүрек пен тәннің тазалығы.
Егер жүрекке Аллаға деген махаббат орнықса, адам ішкен асына да ерекше мән береді. Адал ас жеу, ысырапқа жол бермеу, ризыққа шүкір ету – Аллаға деген махаббаттан туындайды.
Ескеретін жайт, Алланы сүйген адамды мінсіз деуге келмес, бірақ үнемі жақсылыққа жетелейді. Қателескен кезде тәубеге келуге, сүрінгенде қайта тұруға күш береді.
Бұл – қорқыныштан емес, үміт пен сенімнен туған сезім. Ол адамды үрейге емес, жауапкершілікке тәрбиелейді.
Бұл – жеке құлшылықпен ғана шектелмейтін, тұтас өмір салтына айналатын ұлы сезім.
Адамның ісі, сөзі, мақсаты, тіпті күнделікті дағдысының өзі – махаббаттың айнасы.
Ол өміріңізге мән, ісіңізге береке дарытады. Ол адамды адастырмайды.
Ендеше, жүрегіңізге үңіліңіз. Себебі әр адам өз сырын жақсы біледі.
Оқи отырыңыз: Рамазанға 15 күн қалды: cауап жасау үшін бай болу міндетті емес