Сабыртай Айпейісов: Ауыл-аймақты таза ұстап, көркейту - міндетім

Еңбек адамы қала іргесіндегі Абай ауылында тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында қарапайым еңбектің қазанында қайнап, бейнеттен бақытын тапқан жан тұрады. Есімі – Сабыртай Айпейісов, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сабыртай Айпейісов қала іргесіндегі Абай ауылында тұрады. Ауыл тұрғыны зейнетке шықса да шаруашылық жұмысына атсалысады. Жастайынан техниканың тілін тапқан оның сенімді серігі – шағын тракторы. Қосалқы бөлшектерді құрастырып, ескі техниканы жарау аттай жаратып жүрген де өзі. Таңалакеуімнен басталатын тірлігі – ауыл көшелеріндегі қап-қап қоқысты техникасымен жинап шығу. Бұл іске оны ешкім мәжбүрлемейді. Ауыл-аймағын таза ұстап, көркейтуді міндетім деп санайды.

"Ауыл мектебінде оқуды бітіріп, оқуға түсемін деп жүрдім. Бірақ инженер «бәрің кетесіңдер ме? Ауылға кім қарайды, техникаларды кім меңгереді?» деді. Сол күннен бастап тракторға отырып, техниканы меңгердім. Ауыл тұрғындары көмек сұрағанда қолымнан келгенше көмектесуге әзірмін", – деді Абай ауылының тұрғыны Сабыртай Айпейісов.

Кеңпейіл еңбек адамы тракторына құятын жанар-жағармайдың шығынын пұлдап, еңбегіне ақы сұрамайды. Күніне 4-5 сағат көптің игілігіне қызмет етеді.

"Жастайынан қайырымды бала болды. Жеке тракторын айдап, көшені тазалап жүреді. Ауылға қадірлі", – деді Абай ауылының тұрғыны Ақманат Шәйкемелова.

" Өте еңбекқор. Ауылдағы жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастырып, басқарып жүреді", – деді Абай ауылының тұрғыны Тұрсынхан Сексенбаева.

Сабыртай Айпейісов тракторды 1980 жылдың басында құрастырған. Жол талғамайтын техникасы иесін жолда қалдырған емес. Ауыл азаматы қыс мезгілінде де көшені қардан тазалап, қоғамдық жұмысқа аянбай атсалысады. Еңбектің майданында ысылған маман қолы қалт етсе, жастарға техниканың тілін үйретіп, білгенін бөлісіп жүр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Еңбек күні: Алматыда кімдер марапатталды

Новости партнеров