Сақ болыңыз: алаяқтар жаңа қулыққа көшті

Мәжіліс депутаттары да бұл түйткілдің барын мойындады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алаяқтар жаңа қулыққа көшкен. Олар тұрғындарға өзін Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, хабарласып жүр. Мамандардың айтуынша, әккі әрекетке баратындар «декларация мерзімі өтіп кетті» немесе «деректеріңізде қате бар» деген сылтаумен азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі болып хабарласып, халықтан ақша талап ететіндер көбейген. Олар салықтық есептіліктің жоғын алға тартып, бұлай жүре берсе «айыппұл» салынатынын айтып немесе есептілікті тапсырмағаны үшін «банк шоттары бұғатталады» деп жұртты алдайды. Ал мәселені шешу үшін және айыппұл арқаламауы үшін бетпе-бет кездесуге онлайн брондау ұсынады. Содан кейін 1414 нөмірінен жәбірленушінің телефонына код жібереді және брондау процесін аяқтау үшін оны жазуды сұрайды. Жаңа салық кодексі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз деп сылтауратып, жеке деректерін алуға тырысатындар бар. Комитет аталған қоңыраулардың салықшылардың жұмысына қатысы жоғын айтады.

«Назар аударыңыз! МКК жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертеді. Зиянкестер Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері ретінде танысып, қоңырау шалада немесе WhatsApp арқылы жазады. МКК азаматтарды сақ болуға жалған хабарламаларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге  өтпеуге ақша аудармауға, алынған хабарламалардың шынайылығын тексеруге және алаяқтардың арандатуларына ермеуге шақырады», – деді ҚР ҚМ МКК жұртшылықпен байланыс-хатшылық басқармасының сарапшысы Ұлдана Сүлеймен.

Мәжіліс депутаттары да бұл түйткілдің барын мойындады. Олардың айтуынша, бір алаяқтық схемасын әшкерелеп, бақылауға алған бетте оның басқа түрі пайда болып жатады. Сол себепті де қоғам қазіргі өзгерістерге ілесе алмай отыр. Депутаттар «мұндай жағдайлармен күресу үшін ең алдымен жасанды интеллектіні дамытуға қаржы бөліп, цифрлық кеңістікті күшейту қажет» деп отыр.

«Қоңырау шалып, қолдау көрсетемін дейтіндер де көп болып кетті. Ол тек қана сырттан емес, құзырлы органның атынан хабарласады. Ал ол құзырлы орган ол жағынан беймарал. ЖИ-ге қаражат бөліп, жаңа технологияны пайдалануымыз керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев. 

Ескерте кетсек, Кірістер комитеті салық төлеушілерге электронды пошта, WhatsApp немесе Telegram арқылы ешқандай хабарлама жібермейді. Сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңба мен жеке деректерді талап етпейді. Барлық ресми ақпарат пен салыққа қатысты хабарламалар тек kgd.gov.kz сайтындағы Салық төлеушінің кабинеті және басқа да мемлекеттік ресми сервистер арқылы ғана беріледі.

Аршат Әділжанқызы, Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отрыңыз: Қостанайда алаяқтар кәсіпкердің 24 миллион теңгесін жымқырған

 

 

 

Новости партнеров