ШҚО-да ауа райына байланысты қашықтан оқытуға көшу температурасы бекітілді
Интернатта тұратын оқушылар үшін оқу процесі дәстүрлі, яғни офлайн форматта жалғасады
ШҚО-да Білім басқармасы 2026–2027 оқу жылында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналарды уақытылы ақпараттандыру мақсатында сабақтарды қашықтықтан оқыту форматына ауыстыруға негіз болатын температуралық көрсеткіштер айқындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгіленген талаптарға сәйкес, қашықтықтан оқыту форматына көшу туралы шешім ауа температурасы мен желдің жылдамдығын ескере отырып қабылданады.
- Желдің жылдамдығы секундына 2 метрден төмен болған жағдайда: 1–4 сыныптар үшін – минус 28°С және одан төмен; 5–9 сыныптар үшін – минус 32°С және одан төмен; 10–11 сыныптар мен колледждердің I–II курс студенттері үшін – минус 34°С және одан төмен.
- Желдің жылдамдығы секундына 2 метрден жоғары болған жағдайда: 1–4 сыныптар үшін – минус 23°С және одан төмен; 5–9 сыныптар үшін – минус 27°С және одан төмен; 10–11 сыныптар мен колледждердің I–II курс студенттері үшін – минус 29°С және одан төмен.
Қолайсыз ауа райы жағдайларында қашықтықтан оқыту форматына көшу білім беру ұйымы басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
Сабақтардың қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылғаны туралы ақпарат Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының және білім беру ұйымдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында уақытылы жарияланады.
Бірінші ауысым бойынша ақпарат жауапты құрылымдарға сағат 06:45-тен 07:00-ге дейін, ал екінші ауысым бойынша сағат 11:00-ден 11:15-ке дейін жеткізіледі.
Интернаттық білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқыту форматына көшу білім алушылардың тұрғылықты мекенжайы ескеріле отырып ұйымдастырылады. Интернатта тұратын оқушылар үшін оқу процесі дәстүрлі, яғни офлайн форматта жалғасады.
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ата-аналар мен білім алушыларды ауа райының қолайсыз жағдайларында ресми ақпарат көздеріндегі хабарламаларды қадағалауға және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.
Оқи отырыңыз: Алматыда 9-15 қараша аралығында ауа райы қандай болады