Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін жас сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты маршпен жүріп өтті
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығында әскер сапын толықтырған сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күні Жетісу облысынан, сонымен қоса Астана және Шымкент қалаларынан шақырылған жүзден аса әскерге жаңа келгендер Отанға адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Олардың қатарында Жаркент қаласынан шақырылған 18 жастағы Рахат Қабылжан да бар. Өткен жылы ол достарымен бірге әскерге баруға ниет білдіріп, жергілікті әскери басқару органына барған. Алайда кәмелет жасына толмағандықтан әскерге алынбаған. Отан қорғаушы күні қарсаңында Жаркент қаласының әкімдігі тұрғындар арасында бағалы сыйлықтар ұтысын ұйымдастырып, лоттардың бірі ретінде әскери қызметке мотивация ретінде «әскерге жолдаманы» қосқан болатын. Мұндай ерекше сыйлықты Рахат Қабылжан ұтып алды. Әскерге баратын жасқа толған жас жігіт бірден Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет етуге аттанды.
"Бұл тосын сый мені қатты қуантты. Жас жауынгер курсынан өткен уақыт ішінде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Мінез шыңдалып, жауапкершілігім мен тәртібімнің артқанын байқадым", – деді қатардағы жауынгер Рахат Қабылжан.
Ант берер алдында әскер қатарына қосылғандар жас жауынгер курсын сәтті аяқтап, саптық, тактикалық және атыс даярлығының негіздерін меңгерді, оған қоса әскери қызмет жағдайына бейімделді.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін жас сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты маршпен жүріп өтті.
Алда жауынгерлерді кіші мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша үш айлық қарқынды оқу күтіп тұр. Осы уақыт ішінде олар күрделі әрі сұранысқа ие әскери мамандықтарды меңгеріп шығады. Олардың қатарында арнайы байланыс және радиотехникалық әскерлер мамандары, радиолокациялық станциялар мен радиобиіктік барлау құралдарының операторлары, зениттік-зымыран кешендерін сүйемелдеу операторлары, сондай-ақ дизельші-электриктер бар.
Биылғы жылдың жаңалығы – ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқару курсының енгізілуі. Бұл бағыт бойынша әскерге жаңа келгендердің барлығы дайындықтан өтеді.
Оқу аяқталғаннан кейін күзет ротасының әскери қызметшілері әскери институтта қызметін жалғастырады. Ал қалған мерзімді қызмет сарбаздары Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамындағы әскери бөлімдерге жіберіліп, елдің әуе шебін қорғауға жауынгерлік кезекшілікке түседі.
Оқи отырыңыз: Тыл қызметтерін цифрландыру: Қарулы күштерде цифрлық трансформация сыныбы ашылды