Алматыда су мен кәріз қызметінің тарифтері өзгереді
Бағаның өзгеруіне инфрақұрылымды жаңғырту шығындары да себеп болып отыр
1 қазаннан бастап қала тұрғындары үшін ауызсу мен кәріз қызметінің тарифі қайта есептеледі. Жаңа тариф бойынша 1 текше метр су – 178 теңге, ал кәріз қызметі – 119 теңге болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда 1 қазаннан бастап су мен кәріз қызметінің тарифтері өзгереді. Жаңа есепке сәйкес, тұрғындар үшін суық судың 1 текше метрінің құны қосылған құн салығын қоса есептегенде 178 теңге болса, кәріз қызметінің тарифі 119 теңгені құрайды.
Мамандардың айтуынша, тарифтің өзгеруіне электр энергиясы мен жөндеу материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ соңғы екі жылда «Алматы Су» кәсіпорнының теңгеріміне жүздеген шақырым жаңа желілердің берілуі себеп болған.
Бұл ретте коммуналдық төлем түбіртегіндегі судың үлесі небәрі 3-4 пайызды құрайды. Сондықтан есептеу құралы орнатылған орташа пәтер үшін ай сайынғы төлем шамамен 1500 теңгеден аспайды.
«Алматы Су» МКК қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары Жандос Тәкібаевтың айтуынша, тарифтің инвестициялық бөлігі 30 пайыздан асады.
«Желі мен жабдықтар уақыт өте келе тозады. Алматының қарқынды дамуына байланысты сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне түсетін жүктеме де артып келеді. Сондықтан қолданыстағы инфрақұрылымды күтіп ұстаумен шектелмей, оны уақтылы реконструкциялау және жаңғырту қажет. Осыған байланысты тарифтің инвестициялық бөлігі 30 пайыздан асады», – деді Жандос Тәкібаев.
Бөлінген инвестиция мен жаңа тариф есебінен кәсіпорын инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Биыл 54 шақырым су құбыры мен тозығы жеткен кәріз желілері қайта жаңартылған.
Сонымен қатар Алматыда су ресурстарын цифрландыру жұмыстары қолға алынған. Қазір қаладағы тұрғын үйлердің 75 пайызы су есептегіштермен қамтылған. Келер жылы бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Жаңадан салынатын нысандар мен коммерциялық ғимараттарға көрсеткішті қашықтан жіберетін смарт-аспаптарды орнату міндеттелген. Мамандардың айтуынша, бұл желідегі апаттар мен судың ысырап болуын жедел анықтауға мүмкіндік береді.
«Алматы Су» МКК департаментінің директоры Серік Шағыровтың айтуынша, жаңа тариф есебінен қаладағы су және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары жалғасады.
«Ең бастысы – осы тарифтің арқасында қаламызда су мен кәріз жүйесін әрі қарай да жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, соңғы екі жылда теңгерімімізге бірқатар құбырлар мен нысандар қабылданды. Оларға жұмсалатын қаражат та қарастырылған», – деді Серік Шағыров.