Содырлар полицияға берілді: Алматыда оқу-жаттығу өтті

 Жаттығуға қаланың бірнеше күштік құрылым қызметкерлері жұмылдырылып, террористерге тойтарыс беру машықтары пысықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда содырлар азаматтық ұшақ пен қоғамдық көлікті басып алып, тұрғындарды кепілге алды. Бұл – шаһарда өткен «Дабыл-Антитеррор-2025» оқу-жаттығу барысында болды. Іс-шара көлік инфрақұрылымы нысандарында терроризм актісінің алдын алу және оны тоқтату тетіктерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы халықаралық әуежайында террористер ұшақтардың бірін басып алып, бейбіт тұрғындарды кепілге алған. Әуежайдың жеке құрамы бірінші болып әрекет етіп, мемлекеттік органдарға хабар берген. Жедел әрекет ету тобы оқиға орнына бірнеше минут ішінде жетіп, жағдайды бақылауға алды. Ал десантшылар мен арнайы жасақ әуежай аумағын толық қоршады.

5 миллион АҚШ доллары мен ұшаққа жанар-жағармай талап еткен қылмыстық топпен бірнеше сағат келіссөз жүргізілді. Әуе айлағында атылған оқ дауыстары естіліп, оқиға шынайы жағдайға негізделді.

Ұзақ келіссөздерден кейін арнайы жасақ содырлар басып алған ұшаққа шабуыл жасап, құтқару операциясы басталды.

Әуе кемесіндегі операция сәтті аяқталып, террористер полицияға берілді. Кепілде болған азаматтарға жедел-жәрдем қызметкерлері көмек көрсетті. Медициналық емді қажет ететіндер ауруханаға жеткізілді. Бұдан бөлек, елден еш кедергісіз ұшып кету үшін қоғамдық көліктердің бірін басып алып, әуежайға келген тағы бір қылмыстық топ тұтқандалды.

«Жедел қимылдайтын барлық қызметтердің, сонымен қатар ланкестікке қарсы жұмыс істейтін барлық құқық қорғау органдарының іс-әрекеттері толық көлемде тексерілген болатын. Сценарийдің жалпы құрамы, бағыты шынайы оқиғаларға жақын ойластырған. Қатысқан қызметтердің өкілдері болжамды сценарийді білмеді», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жылда дәстүрге айналған оқу-жаттығуға Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, арнайы жасақтар мен десанттық шабуылдаушы әскерлері қатысты. Мұндай іс-шаралар шұғыл әрекет ету тобының өзара үйлесімділігін арттырып, төтенше жағдайда нақты алгоритм арқылы әрекет етуге машықтайды.

«Терроризмге қарсы күрес бойынша қойылған міндеттер сәтті орындалып, қалалық жедел штаб басшылығы тарапынан оң бағаланды. Барлық жедел әрекет ету қызметтері өздеріне жүктелген тапсырманы абыроймен атқарды. Біз қойған мақсаттар толық орындалды», – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Марат Ирменов.

Оқу-жаттығу барысында халықаралық әуежай қызметіне еш кедергі келмеді. Мамандардың айтуынша, аталмыш жиындар қауіп-қатер туындаған жағдайда күштік құрылымдардың іс-қимыл үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әрі шаһардағы стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді.

Олжас Омарбек, Думан Дәулетбақұлы 

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі ТЖД мамандандырылған жасағының жұмысымен танысты

Новости партнеров