БАҚ қызметкерлері күніне орай "Almaty TV" ұжымы марапатталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай "Almaty TV" телеарнасының ұжымы отандық медиаиндустрияны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.

Almaty TV – 1999 жылы құрылған және еліміздегі ең көне телеарналардың бірі. Соңғы 3 жылда Almaty TV республикалық мәртебеге ие болды, ребрендинг өткізді, бас студия павильонын жаңартты және хабар таратудың барлық тұжырымдамасын түбегейлі өзгертті.

Соның нәтижесінде телеарна рейтингі 2 есе өсті, жаңартылған сайттың қаралымы 5 есеге артты. Медиаселлер желісі бойынша коммерциялық кіріс 3 есе ұлғайды. Телеарнаның мемлекеттік тілде шығарылған өз өндірісінің үлесі 88%-ға жетті.

Сонымен, "Almaty TV" телеарнасының бас директоры Тимур Талғатұлы Базарбаев Мемлекет басшысының Жарлығымен "Құрмет" орденімен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.

Телеарнаның бас продюсері Ралида Меңдігерейқызы Мұқановаға, Техникалық департаменттің эфирлік аппарат бөлімінің басшысы Владимир Васильевич Баркаловқа және Контент өндіру департаментінің директоры Нұрхан Нұрланұлы Қарасайға ҚР Президентінің атынан "Ерен еңбегі үшін" медалі табысталды.

Сондай-ақ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар департаментінің бас редакторы Үмбетәлі Меймешке ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісі табыс етілді.

Бұдан бөлек, телеарна ұжымының бірнеше мүшесі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алматы қаласы әкімдігінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында күнделікті арнаның үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз етіп жүрген тілшілер, редакторлар, инженерлер, телеоператорлар, монтажшылар және өзге де мамандар бар.

Бұл марапаттар – Алматы мен бүкіл ел көрерменіне шынайы әрі өзекті ақпарат ұсынатын "Almaty TV" арнасының бүкіл ұжымының жауапты әрі қажырлы еңбегінің айқын көрінісі.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды журналистерді кәсіби мерекесімен арнайы құттықтап, телеарна жұмысымен танысқан болатын.

Мегаполис басшысына арнаның қазіргі және жаңа медиажобалары таныстырылып, өндірістік процесі мен цифрлық платформаларды дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Әсіресе заманауи хабар тарату форматтарын енгізуге мен аудиторияны кеңейтуге ерекше назар аудрылды.

Новости партнеров