Тараздағы тұрғындар ауыз сусыз қалды

Жауапты компания құрылыс талаптарын сақтамағандықтан, ескі құбыр бірнеше жерден жарылып кетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараздық тұрғындар ауыз сусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала билігі Махамбет батыр көшесіндегі 60 жыл бұрын салынған құбырды ауыстыру үшін тендер жариялаған. Екі шақырымдық көшеде екі ай бұрын құрылыс жұмыстары басталған. Бірақ соңғы айда желіні ауыстыру табан асты тоқтап қалыпты. Жауапты компания құрылыс талаптарын сақтамағандықтан, ескі желіні бірнеше жерден жарып жіберген. Салдарынан жұрт енді не жаңа, не ескі су желісіне жете алмай отыр. Мердігер көшені қопарып тастағандықтан, жол бойы да тобықтан батпаққа батып жатқан көрінеді.

"Орталық шағынауданбыз, қала маңы болса да жағдай жоқ", – деді қала тұрғыны Құралай Күнтубаева.

"Жұмысты аяқтамай, қалдырып кетті. Жерді қазып, құбырды өткізе салды. Ескі құбырлар қысымға шыдамай, жарылып жатыр", – деді қала тұрғыны Рахима Байбөкенова.

Ал жергілікті билік өкілдері «жұртқа таза су беру үшін 23 млн теңгеге конкурс жарияладық» дейді. Бұл қаржыға мердігер тозған құбыр орнына пластик салуы керек. Бірақ құрылыс компаниясы жұмысты небәрі 9 миллион теңгеге ұтып алған. Қаржысы жетпей, жұмыс жарты жолдан тоқтапты. Әкімдік аталған кәсіпорынға айыппұл салған. Жұмысын желтоқсанда аяқталмаса, компания да қара тізімге енеді.

"Берілген уақытында аяқталмағандықтан 0,1 пайыз айыппұлын төлеп, 7 желтоқсанға дейін жұмыстарды толық аяқтауға міндеттеліп отыр. Келесі жылы көшені қайта қалпына келтіру жоспарда бар", – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы: елімізде 905 мал басы иесіне қайтарылды

Новости партнеров