Таза қала бастамасы: Алматыда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған кезекті орталық жұмысын бастады
Экохаб аумағында әртүрлі қалдықтарды бөлек жинауға арналған 10 арнайы контейнер орнатылған
Алматы тағы бір экохабпен толықты. Орталық Жетісу ауданында орын тепкен. Ашылу салтанатына мектеп оқушылары мен студенттер келіп, керексіз қалдықтарды тапсырып, жастар арасында экологиялық сана қалыптасып келе жатқанын көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениетін ілгерілету, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға деген қоғамдық жауапкершілікті арттыру. Экохаб аумағында әртүрлі қалдықтарды бөлек жинауға арналған 10 арнайы контейнер орнатылған. Аудан тұрғындары күнделікті тұрмыста жиналатын қайта өңдеуге жарамды пластик, алюминий, қағаз және басқа да материалдарды арнайы жәшіктерге тапсыра алады.
«Бұл жерден 8-ден астам бағыт бойынша пластиктің қоқыстың бағыттары бар, Қаланың және Жетісу ауданының тұрғындары, мектеп оқушылары келіп осында тапсыратын болады. Комьюнити орталықтың қызметкерлері қалалық экохабқа барып, оны өңдейді. Көп жинаған жанға өңделген пластиктен сыйлық береміз», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
Сонымен қатар іс-шара аясында қалдық материалдарды қайта өңдеу арқылы жасалған тұрмыстық және сәндік бұйымдардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Экохабтың ашылуы – аудан тұрғындарын экологиялық бастамаларға тартуға, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін күнделікті өмір салтына енгізуге және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған маңызды қадам.
«Жетісу ауданындағы осындай тамаша нысан – Жетісу комьюнити орталығында алғашқы экологиялық хабты ашып отырмыз. Жоба Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, Экология басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Мұнда келушілерге қалдықтарды дұрыс сұрыптау жолдары үйретіледі. Бұл орталықтың тағы бір артықшылығы – аумағында үлкен автотұрақ бар. Экохаб демалыс күндері де жұмыс істейді», – деді Eco Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджанов.
Оқи отырыңыз: Алатау баурайындағы аңыз: Алматының мыңжылдық тарихы мен бүгінгі келбеті қалай ұштасып жатыр