Түркістан облысында үш ірі зауыт іске қосылды

Аймақта импортты алмастыруға бағытталған 20 жоба жүзеге асырылып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында үш ірі зауыт іске қосылды. Алып өндіріс орындарының бірі мақта өңдесе, екіншісінде тамшылатып суғару құрылғылары шығарылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан облысы – ел бойынша мақта өсіретін жалғыз аймақ. Алайда осы уақытқа дейін «ақ алтын» тек шикізат күйінде шетелге экспортталып келді. Енді жаңа кәсіпорында алқаптардан жиналған мақта терең өңделіп, түрлі өнім шығарылады. Зауыт толық қуатына шаққанда жылына 11,4 мың тонна жіп және 47,3 миллион шаршы метр мата өндіруге қауқарлы.

«Өздеріңіз куә болғандай қазір жіп иіріп жатыр. Келесі кезеңде мата шығаратын және оны бояйтын тағы 2 зауыт салынады. Сондай-ақ төсек жабындылары, джинсы сынды дайын өнімдер шығады», – деді облыстық Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов.

Сондай-ақ Отырар ауданында еліміздегі ең ірі әрі заманауи мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жылына 800 миллион метр суару лентасын шығаратын өндіріс орны ашылды. Бұл кәсіпорын 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, бұл жобалар мақта өсіруден бастап жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.

«Зауыттардың жылдық жалпы қуаттылығы 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жиналған шикізат көлемі 120 мың тонна шитті мақта болса, оның ішінде алынған таза мақта көлемі 30 мың тоннаны құрады», – деді Мақта өңдеу зауытының бас меңгерушісі Ван Ли.

Түркістан облысында импортты алмастыруға бағытталған 20 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл шетелден әкелінетін шамамен 53 миллиард теңгенің өнімін ел ішінде өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ индустриалдық аймақтарда жалпы құны 152 миллиард теңге болатын 99 инвестициялық жоба қолға алынған. Соның нәтижесінде өңірде 6 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Панфиловтағы жаңа жыл: Алматыда қалалық фестивалі өтті

 

Новости партнеров