Үндістанда ем алу керек: Алматылық бүлдіршіннің отбасы қайырымды жандарға үндеу жасады
Дәрігерлер оған аутизм спектрінің бұзылысы, балалардың церебралды сал ауруы және оң жақты гемипарез диагнозын қойған
Небәрі 10 миллион теңге. Бұл – кішкентай Әл-Фараби Әнуарбектің оңалып кетуіне қажет сома. Дерт салдарынан баланың қозғалысы мен дамуы қатарластарынан кешігіп келеді. Енді ата-анасы ұлының денсаулығын жақсарту үшін көпшіліктен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әл-Фараби Мейіржанұлы 2021 жылдың тамызында дүниеге келген. Ата-анасы ұлдарының қатарластарымен бірге ойнап, сөйлеп, еркін қозғалғанын қалайды. Алайда бүлдіршіннің денсаулығындағы кінәрат оның дамуына кедергі келтіріп отыр. Дәрігерлер оған аутизм спектрінің бұзылысы, балалардың церебралды сал ауруы және оң жақты гемипарез диагнозын қойған.
«Туғаннан бастап осы диагнозды қойды, 40 күн бойы ауруханада неонатология бөлімінде жаттық. 9 күн дегенде біз үйге шықтық. Өзінің айтқысы келгенін түсіндіре алмай қиналып, ыңырсып, қолымнан ұстап түсіндіреді. Мен кейде түсінбей қаламын, соған ашуланып, айқайлап, жылайды», – деді анасы Анаргүл Белғожа.
Анасының сөзінше, Әл-Фарабиге Үндістанның Бангалор қаласындағы медициналық орталықтардың бірінде 28 күндік оңалту курсы ұсынылған. Отбасы мамандардың көмегімен баланың қозғалыс дағдыларын дамытып, сөйлеу қабілетін жақсартуға үмітті. Алайда шетелдегі ем-шараға қажетті қаражат жанұяның қалтасына салмақ салып отыр. Сондықтан көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.
«Осы уақытқа дейін Өзбекстан еліне, Ташкент қаласына барып ем алдық. 7 рет ем қабылдадық, жақсы нәтижелер болып жатыр. Ендігі ниетіміз – Алла қаласа, Үндістан еліне барып, емімізді сол жақтан жалғастыру. Қатарластары сияқты мектепке барып, сөйлеп, ойын емін-еркін жеткізіп, өз-өзіне қызмет көрсетуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қолдарыңыздан келгенше көмектессеңіздер», – деді анасы Анаргүл Белғожа.
Қайырымды жандардың көмегімен әзірге 367 мың 870 теңге жиналған. Ал оңалту курсынан өту үшін тағы 9 жарым миллион теңге қажет.
Ата-ананың бар арманы – ұлының қатарынан қалмай, өздігінен жүріп-тұрып, сөйлеп, балалық шағын алаңсыз өткізуі. Ол үшін қазір әрбір қолдау маңызды. Жақсылық жасауға асыққан жандардың көмегі кішкентай Әл-Фарабидің оңалуына мүмкіндік сыйлауы мүмкін.
Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Жар іздеймін: Алматыда азаматтарды тонайтын қылмыстық топ әшкереленді