Елімізде нәресте өлімі азайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде соңғы 15 жылда нәресте өлімінің көрсеткіші 3 есе төмендеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы тұрғыны Александра Марчевская – мерзімінен ерте туған егіздердің анасы. Кесарь тілігі арқылы жүктіліктің 33-аптасында босанғандықтан, қыздары өте әлсіз болып туылған. Оның айтуынша, сәбилердің ағзасының даму деңгейі 28-аптада туған балалармен бірдей болған. Өзі де, дәрігерлер де нәрестелердің қатарға қосылып кетуі қиын болады деп алаңдаған.

"Қолымда ұстап тұрған қызымды мамандар таңға дейін аман қалмайды деп ойлаған. Бірақ дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Қазір балам жанымда, аман-есен. Екі қызға да 50 минут бойы жедел аман алып қалу шаралары жасалған. Кейін 3 күн жансақтау бөлімінде жатты. Негізі көп сырқаттанғандықтан, жүктілігім ауыр өтті. Әрі құрсақта біреуі екіншісінің тыныс алуы мен тамақтануына кедергі келтіргендіктен, ертерек босануға тура келді", – деді қала тұрғыны Александра Марчевская.

Елімізде заманауи жабдықтармен қамтылған жоғары мамандандырылған кешенді көмек көрсету үшін 39 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Шала туған нәрестелерге күтім жасау медицина қызметкерлерінің біліктілігін де талап етеді.

"Күтімі жақсы болғаннан кейін статистикасы жақсы болып жатыр. Салмағы 1800-2000 грамға толғанда оларды үйге шығаруға тырысамыз", – деді  Акушерлік-гинекология институты Үздіксіз оқыту бөлімінің қауымдастырылған профессоры Гүлжан Байғазиева.

Ал елімізде жыл сайын 22 мыңға жуық бала мерзімінен бұрын туады. Бұл барлық туған нәрестелердің шамамен 5%-ы. Жүктілігі 36 аптадан аз және салмағы 1000-1500 грамнан кем туған балалар ерекше күтімді қажет етеді. Себебі, олардың жетілмеген ағзасы дұрыс қызмет ете алмайды.

Шала туған нәрестелердің мерзімі мен салмағы тым кішкентай болса, алғашында арнайы кереует-кювезге жатқызылады. Себебі бұл балалардың ағзасы дене температурасын бірқалыпты ұстай алмайтындықтан, оны аппарат көмегімен реттейді. Әрі жабдықта нәресте оттегімен қамтамасыз етіліп, өз бетінше тыныс алуды үйренеді.

Уақытынан ерте босануға көбіне инфекция, күйзеліс факторлары, генетикалық бейімділік, зиянды әдеттер мен түрлі патология себеп болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, медицинада қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, болашақ ата-аналар да салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығына барынша қарауы керек.

Оқи отырыңыз: Биыл қанша адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

Новости партнеров