Клиенттердің ақшалары лицензиясы бар компаниялар арқылы криптовалютаға айналдырылды
Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі ел аумағында заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен екі шетел азаматын іздеуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар — Дмитрий Дружинский (АҚШ азаматы, 1970 жылғы 27 маусым) және Марина Левкович (Гинзбург, Украина азаматы, 1985 жылғы 8 қараша). Сот олардың үстінен алдын ала тергеусіз қамау түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.
Тергеу мәліметтері бойынша, екі күдікті «PIN-UP» және «PINCO» брендтерімен жұмыс істейтін онлайн-казиноларды үйлестіруші ретінде басқарған. Олар көмекшілерді таңдап, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктермен байланыс орнатып, ақша қабылдау және шығару қызметін қамтамасыз ететін төлем инфрақұрылымын басқарған.
Заңсыз қызметті жасыру мақсатында «Бонами» ЖШС құрылған, ол «PIN-UP.KZ» брендімен букмекерлік қызмет жүргізу лицензиясын алған. Қаржылық қолдау қызметі «Gold Pay» және «Cyber Pay» (кейін — «Pinnacle Financial Solutions») ЖШС арқылы жүргізілген, олар онлайн-казинолардың төлем агрегаторлары рөлін атқарған.
Онлайн-казино клиенттерінен түскен ақша транзиттік шоттарда жиналып, кейін электрондық ақша операцияларын жүргізу лицензиясы бар аффилирленген компаниялар арқылы криптовалютаға айналдырылған.
Дружинский мен Левковичтің қай жерде екені туралы ақпарат білетін азаматтардан Қаржылық мониторинг агенттігіне +7 7172 70 84 78 (дежурлық бөлім) телефоны арқылы хабарласулары сұралады.
Оқи отырыңыз: Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтарда 25 қару-жарақ өткізу әрекетін болдырмады