Ақтауда бір топ ата-ана «балаларымызды тегін спорт үйірмелеріне бере алмай отырмыз» деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиналғандардың қатарында көпбалалы ата-аналар бар. Солардың бірі – Берік Қалиев. Ол екі кішкентайын дзю-до спортымен шұғылдануы үшін жекеменшік спорт үйіне берген. Соңғы екі жылға дейін мемлекеттік қолдаумен балаларын тегін үйірмеге апарған әке қазір қалтасынан қыруар ақша төлеуге мәжбүр. Себебі орталық мемлекеттік тапсырыстан қағылған, ваучер жоқ.
«Осы ваучерді үш жылдан бері күтіп отырмыз. Әне-міне деп жылдың басы, жылдың аяғы деп, берілмей жатыр. Тексеріп беретін адам керек? Қаржы қайда бөлініп жатыр? Біреуге беріліп, біреуге бөлінбей жатыр ма?» – деді ата-ана Берік Қалиев.
Ал кәсіпкер «Қалбибі Жұмабаева, ваучердің жоқтығы істі дөңгелетуге кері әсерін тигізіп тұр» дейді. Мемлекеттік тапсырыстың жоқтығынан мамандандырылған спорт жаттықтырушыларын да жалақымен қамти алмайтынын айтты.
«Бір үйден бірнеше бала келеді. Біздер қаланың ішінде болғанымен аудандардан келетін балалар өте көп. Барлық мүмкіншілікті жауып тастап отыр. Ата-аналар шырылдап келеді, қолымыздан ештеңе келмейді, жасай алмаймыз, облыстағы жауаптылар үндемейді», – деді кәсіпкер Қалбибі Жұмабаева.
«Даму бала» бағдарламасы бойынша берілуі керек ваучер платформадағы техникалық ақауларға байланысты жүзеге аспай тұрғаны белгілі болды. Сол себептен ата-аналарға онлайн кезек алу мүмкін болмай тұр. Бұл сұрақты шешу үшін басқарма тарапынан жауаптыларға бір емес, бірнеше рет тиісті хаттама жолданған. Жалпы спорт басқармасы, платформа ақаусыз жұмыс істесе, ваучер беруге дайын отыр.
«Ваучер беруге қазан айынан бастап дайынбыз. Негізі қыркүйекте беруіміз керекеді. «Даму бала» платформадағы әртүрлі ақауларға байланысты ваучер беру мүмкіндігі болмай отыр. Қалай техникалық ақаулар жойылады, жұмысты бастаймыз», – деді Маңғыстау облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.
Ал екі жыл ваучердің жұмысы тоқтағанына мемлекеттік аудиттің тексерісі себеп болған. Мемлекеттік тапсырыс алып отырған кәсіпкерлердің артына май шаммен мықтап түскен аудит мамандары 50 млн теңгеге жуық мемлекеттік қаржы жөн-жосықсыз жұмсалғанын анықтаған. Яғни аты жоқ, таңбасы басылмаған спорт кешендері жалған деректер көрсетіп, ақшаны иемденіп отырған. Қазір ол кәсіпкерлерден қаржыны кері қайтару мақсатындағы сот процестері әлі де жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Егеуқұйрық қаптады: СҚО-ның тұрғындары балалар үшін алаңдап отыр