Жобаға 4,5 миллиард теңге бөлінген
Жамбыл облысында өткен ғасырдан бері жаңартылмаған су арналарының бірқатары биыл жөнделеді. Жергілікті билік тозған 76 каналды жөндейміз деп уәде беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірдегі су арналарының басым бөлігі кеңес дәуірінен бері күрделі жөндеу көрмеген. Жыл сайын көктемде шаруалар каналдарды өз күшімен тазалауға мәжбүр. Су жолдарының тозуы салдарынан суармалы судың 30 пайызы жерге сіңіп, ысырап болады. Соның кесірінен диқандар су кезегін күтіп, өнім көлемі азайып отыр.
«Су жетіспейді, кезекпен алатынбыз. Жылда көктемде каналдарды өзіміз тазалаймыз», – деді диқан Данияр Нұрханов.
Биыл билік бұл мәселені шешуге кіріскенін айтты. Байзақ ауданында 17 канал бетондалуда. Жобаға 4,5 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде 4700 гектар алқапты тұрақты сумен қамту көзделіп отыр.
«Кеңес дәуірінен кейін бетондау жұмыстары көп жүргізілмеген каналдарға биыл жөндеп жатырмыз. Ал болашақта барлық каналды бетондаймыз деп жоспарлап отырмыз. Әр каналда техникалары тұр. 20 шақты адамнан жұмыс істеп жатыр. Өйткені күтетін уақыт аз. 24 айдың ішінде 17 каналды толығымен жөндеу жұмыстарын жасап, үлгеруіміз керек», – деді «Қазсушар» РМК Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаев.
Облыстағы 5 ауданда ұзындығы 430 шақырымдық 76 канал қайта жаңғыртудан өтеді. Ауқымды жоба 2 жылға жоспарланған. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай аяқталса, 51 мың гектардан астам алқаптағы су мәселесі толық шешімін табады.
Нұрғиса Қаржаубай Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: «Қалқаман» метро бекетіндегі құрылыс монтаж жұмыстары қашан аяқталады