Онлайн қарыз беретін, лицензиясы жоқ екі компанияның жұмысы тоқтатылды
Алматыда заңсыз микрокредит берумен айналысқан 6 компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, аталған қаржы ұйымдары қазақстандықтардан 5 есе артық ақша өндіріп келген. Яғни, азамат 100 мың теңге қарыз алған болса, компания соңында қаражатын 500 мың теңгеге дейін қайтарып алған. Мұнымен қоса тек онлайн қарыз беретін, лицензиясы жоқ екі компанияның жұмысы тоқтатылды. Тексеріс нәтижесінде олардың 7 мыңнан астам адамға 10 миллиард теңгеге жуық несие бергені анықталды. Бүгінде азаматтардың шығыны толығымен өтеліп, 1,6 миллиард теңге қарыз кешірілген.
«Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бастамасы көтерілді. Енді микрокредит саласындағы дауларды қарайтын арнайы микрофинанс омбудсмені институты құрылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде мұндай заңсыз істердің алдын алуға көмектеседі.
Айта кетейік, прокуратура да әлеуметтік осал топқа жататын 60 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғау үшін сотқа талап қойған», – деді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиев.
Оқи отырыңыз: Абай облысындағы сотталғандарға арналған онлайн дүкен іске қосылды