Заңсыз тауар белгісі: Алматыда 36 мыңнан астам өнім жойылды

Тәркіленген өнімнің жалпы құны 5,8 миллион теңгеден асқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда заңсыз тауар белгісімен өндірілген 36 мыңнан астам өнім жойылды. Зияткерлік меншік құқықтарын бұзып, айналымға түскен тез дайындалатын кеспе тауарларын сатқандар әшкереленді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тәркіленген өнімнің жалпы құны 5,8 миллион теңгеден асқан. Алматы қаласы Әділет департаменті жүргізген тексеріс барысында Қытайдан кеспе әкелген кәсіпкердің тауарға отандық өнім белгісін қолданып сатқаны анықталды. Деректер негізінде іс материалдары сотқа жолданды. 

Жылдың басында  тез дайындалатын лапша өніміне бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдалану немесе ұқсас белгілерді пайдалану фактісі бойынша кезектен тыс тексерістер жүргізілді. Тауар белгісі 2 категорияда тіркеледі. Халықаралық және аумақтық дәрежеде. Яғни аумақтық дәрежеде оның Қазақстанда құқық иеленушісі бар. Тауарлар құқық иеленушінің рұқсатынсыз өткен», – деді Әділет департаментінің бөлім басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.¤

 Зияткерлік меншік талаптарын елемеген кәсіпкер Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 158-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалады. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар меншік иелерінің мүддесін қорғауға, зияткерлік құқықты қорғап, ел аумағында тауар белгілерін заңсыз пайдаланудың жолын кеседі. Жалпы жыл басынан дәл осындай дерекпен 45 мың тауар тәркіленіпті.

«Тауар Қытай мемлекетінен Қазақстанға кіргізілді және ол Қытайдың ішкі нарығына арналған. Өйткені бұл тауардың ішінде Қазақстанның санитарлық нормаларына сәйкес келмейтін қоспалар бар. Тауарда «Халал» сертификаты көрсетілмеген», – деді ресми өндірушінің заңды өкілі Әсет Қырықбаев.

Оқи отырыңыз: Атыраудағы атышулы қылмыс: кезекті сот отырысында айғақтар жарияланды

Новости партнеров