Досымжан Ерланов Кавказдың төріндегі ең биік нүкте — Эльбрус шыңына ту тігіп, оны бағындырған алғашқы теміржолшы болуды армандайды
Алматы-1 стансасы – еліміздің ең ірі теміржол тораптарының бірі. Бұл жерден тәулігіне жүздеген пойыз өтіп, мыңдаған жолаушы сапарға аттанады.
Almaty.tv тілшісі қарбалас қозғалыстың қауіпсіздігін бақылап, уақтылы тексеріп, істен шыққан бөлшектерді қалпына келтіретін — электр механик мамандарымен тілдесті.
Досымжан Ерланов – Тараз қаласының тумасы. 2022 жылы Алматы автомобиль жолдары колледжін тәмамдап, еңбек жолын Алматы-1 теміржолының байланыс және белгі беру дистанциясында электр механик ретінде бастаған. Қазір теміржол бойындағы қозғалыс қауіпсіздігін жіті қадағалап, әр рельс пен бағыттаушы тетікке жауапкершілікпен қарайды.
«Электромеханик мамандығы көпшілік ойлайтындай электрик емес, ол күрделі жүйелермен, жүк және жолаушылар пойызының қауіпсіз, діттеген жеріне жетуін қамтамасыз етеміз. Ел экономикасына қосатын үлесіміз орасан зор», – деді Белгі беру және байланыс дистанциясының электр механигі Досымжан Ерланов.
Жас маман жылдың төрт мезгілінде де еңбек етеді. Алматы-1 теміржол торабында бұрмалаушы бағдаршамдар, рельс тізбектерін «реле» қондырғысы арқылы диагностика жасайды. Қандай жағдай болмасын ақауды жедел анықтап, уақытылы жөндеуге тырысады. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталатын салада оның ұқыптылығы мен жауапкершілігін әріптестері ерекше бағалайды.
«Ерлан Досымжан 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Өзін жақсы жағынан көрсетіп жүр. Үлгілі жұмысшы. Ұжымда да сыйлы жұмыскер. Спорттық, шығармашылық іс-шараларға белсенді қатысып жүр», – деді Белгі беру және байланыс дистанциясының аға байланыс диспетчері Ернұр Сүндетбаев.
Жас маман жұмыста ғана емес, қоғамдық ортада да үздік екенін дәлелдеп жүр. Талай жобаларға атсалысып, «Елбасы медалінің» иегері атанған. Сондай-ақ табиғатты аялауды өмірлік ұстанымына айналдырған. Спортты да жанына серік еткен.
«Электромеханик жауапкершілік пен қатаң тәртіпті талап етеді. Сондықтан жұмыстан тыс спортпен айналысамыз. Спорт та жауапкершілікті талап етеді. Мен триатлон, жүгіру, жүзу, велоспорт түрімен айналысамын. Ал альпинизмде қауіпсіздік, тұрақтылық, жауапкершілік қажет», – деді Досымжан Ерланов.
Досымжан Ерланов болашақта «Үздік жас өндіріс қызметкері» атанып, кәсіби шыңдалудың жаңа белесіне шығуды көздейді. Сондай-ақ ол Кавказдың төріндегі ең биік нүкте — Эльбрус шыңына ту тігіп, оны бағындырған алғашқы теміржолшы болуды армандайды.
Мәди Мәлік. Ялкунджан Әшімжанұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда дәрігерлер ауыр жарақаттар бойынша халықаралық шеберлік сағатын өткізді