Сарапшылар онкологиялық аурумен қалай күресу керек екенін және сауығып кетуге мүмкіндік беретін негізгі қадамдар жайлы айтты
Almaty TV телеарнасы «Әділдік алаңы» бағдарламасының қазіргі денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – онкологиялық ауруларға арналған жаңа шығарылымын ұсынады. Бұл дертпен күресте дер кезінде диагностикадан өту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен ем-дом сапасы көп жағдайда басты құндылық саналатын адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанда 251 мыңнан астам адам онкологиялық диагнозбен өмір сүріп жатыр. Жыл сайын елімізде қатерлі ісіктің 43 мыңнан астам жаңа дерегі анықталады. Мемлекет тегін ем, заманауи технологиялар мен ауруды ерте анықтаудың ауқымды бағдарламалары бар екенін мәлімдейді. Алайда бұл көмектің шынайы өмірдегі қолжетімділігі қаншалықты? Неліктен көптеген науқастың дерті кеш анықталады? Ірі қалалар мен шалғай ауыл тұрғындарының дер кезінде ем алуға мүмкіндігі бірдей ме?
Осы және өзге де сұрақтарға «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымында жауап беріледі.
Бағдарлама авторлары бүгінде Қазақстандағы онкологиялық көмек жүйесі қалай жұмыс істейтінін, заманауи диагностика мен емдеу әдістерінің қаншалықты қолжетімді екенін, қатерлі ісікпен күресте уақыттың неге шешуші рөл атқаратынын және Денсаулық сақтау министрлігінің қандай өзгерістер әзірлеп жатқанын анықтайды.
Мамандар онкологиялық аурулардың көптеген түрі бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермейтінін еске салады.
«Сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, сондай-ақ колоректалды қатерлі ісік көп жағдайда ісік ұлғайып, ауру асқынғанға дейін ешқандай белгі бермейді. Адам дәрігер болмағандықтан, аурудың алғашқы белгілерін әрдайым тани бермейді. Сондықтан қатерлі ісіктің кеш анықталатын жағдайлары жиі кездеседі», – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты консультативтік-диагностикалық орталығының директоры Жақсылық Мәуленов.
Бағдарламада онкологиялық диагнозбен бетпе-бет келген науқастардың өмірлік оқиғалары да көрсетіледі.
«Менің ауруым үш жыл бұрын анықталды. Сол кезде шұғыл түрде ота жасалды. Алайда үш жылдан кейін ауру қайта оралып, қазір химиотерапия курсынан өтіп жатырмын. Енді тұрақты түрде тексеріліп тұрудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Ал ем қабылдау барысында ешқандай қиындық болған жоқ. Дәрігерлер барлық қажетті көмекті уақытылы көрсетіп келеді», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Алексей Албанов.
Бағдарлама авторлары медициналық көмектің сапасы еліміздің барлық өңірінде бірдей ме деген сауалға да жауап іздейді. Неліктен кейбір науқас тексеруден өту үшін жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр болып жатады? Қымбат емдеу тәсілдері мен жоғары технологиялық жабдықтардың қолжетімділігі қандай?
«Әр аудан орталығында құрамында емханасы бар орталық аудандық аурухана жұмыс істейді. Оның деңгейі мен мәртебесінің қалалық емханадан еш айырмашылығы жоқ. Қаржыландыру көзі де, нормативтік базасы да барлығы үшін бірдей. Барлығы бірыңғай стандарт бойынша жұмыс істейді», – деді ҚазОРҒЗИ консультативтік-диагностикалық орталығының директоры Жақсылық Мәуленов.
Бұл шығарылымда қозғалған тағы бір тақырып – науқасты ауруға алғашқы күдік туған сәттен бастап ем басталғанға дейінгі «жасыл дәліз» қағидаты бойынша сүйемелдеуді көздейтін онкологиялық көмек көрсетудің жаңа стандартын енгізу.
«Отыз күн ішінде науқасқа толық диагноз қойылып, арнайы ем басталуы тиіс. Мұндай емнің негізгі үш түрі бар: хирургиялық операция, сәулелік терапия және химиотерапия. Химиотерапияның да бірнеше түрі болады. Науқасқа міндетті түрде осы емдеу тәсілдерінің бірі тағайындалуы тиіс», – дейді Жақсылық Мәуленов.
Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бүгінде қандай нәтиже беріп жатқаны туралы ҚазОРҒЗИ радиология орталығының меңгерушісі Виктор Ким айтып береді.
«Қазақстан жыл сайын онкологиялық аурулармен күреске қомақты қаражат бөледі. Онкологиялық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша еліміз Орталық Азия мен ТМД мемлекеттері арасында көшбасшылардың бірі саналады. Қазақстанның барлық өңірінде дерлік заманауи желілік үдеткіштер орнатылған. Сонымен қатар соңғы екі жылда сәулелік терапия алатын онкологиялық науқастар үлесі 60 пайызға жуықтады. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде Еуропаның дамыған елдерінің деңгейімен шамалас», – деді маман.
Бағдарлама авторлары онкологиялық науқастарды психологиялық қолдау мәселесін де көтереді. Бүгінде бұл емнің маңызды бөлігіне айналып отыр.
«Науқастардың басым көпшілігі психолог көмегіне жүгінуге болатынын біле бермейді. Кейбірі бәрін өзім еңсеремін деп ойласа, енді бірі маманға қаралуға ұялады. Алайда халықаралық зерттеулер онкологиялық науқастардың әрбір үшінші-төртіншісінде мазасыздық, депрессия немесе айқын психоэмоциялық күйзеліс байқалатынын көрсетеді. Сондықтан бүгінде психологиялық қолдау онкологиялық көмектің ажырамас бөлігі болып саналады», – деді ҚазОРҒЗИ психология және әлеуметтік қолдау бөлімінің меңгерушісі Әлия Өтеуілова.
Қатерлі ісік адамның жасына, мамандығына немесе тұрғылықты жеріне қарамайды. Алайда аурудың нәтижесі көбіне адамның қаншалықты тез тексеруден өтіп, диагнозын нақтылап, емді дер кезінде бастауына байланысты болмақ. Сондықтан бүгінгі басты мәселе қазіргі заманғы медицина мүмкіндіктерінде ғана емес, сол мүмкіндіктердің еліміздің әрбір азаматына уақытылы әрі тең дәрежеде қолжетімді болуында екені анық.
Оқи отырыңыз: Бала тағдырына оң әсер ететін шешімдер қандай – «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы