Жер сілкінісі кезінде не істеу керек: Алматы тұрғындарына маңызды кеңес берілді

Мамандар жер сілкінісі кезінде сабыр сақтап, ғимараттан асығыс шығуға тырыспаудың маңызды екенін еске салады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтеншеліктер жер сілкінісі кезінде қарапайым он қағиданы қадағалау маңызды дейді. Бүгін Алматы тұрғындары мен қонақтары жер сілкінісін сезді. Алғашқы дүмпу таңғы сағат 6:32-де тіркелген. Ресми мәліметке сенсек, оның қарқыны көпшілікке сезілмепті. Кейін араға 3 сағат салып, екінші дүмпу болды. Ал түсте магнитудасы 4,2 болатын жерасты тербелісі тіркеліпті. Ал мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек? Тұрғындар нені білуі тиіс? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатты.

Бүгін таңертең сағат 9.38-де Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезді. Мамандардың мәліметінше, ошақ мегаполистен оңтүстік батысқа қарай небәрі 8 шақырым жерде орналасқан. Жауапты ведомство жер сілкінісінің күші 3-4 баллға дейін жеткенін айтады. Табиғи құбылысты Қаскелең, Боралдай және Өтеген батыр елдімекендерінің тұрғындары да сезген.

"Қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. «101» және «112» желілеріне ақпараттық сипаттағы 258 қоңырау келіп түсті. «Жедел желі» телефонына 35 қоңырау түсті. Тексеру барысында ешқандай зақым анықталған жоқ", - деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Жер сілкінісінен кейін алматылықтардың телефондарына төтенше жағдай туралы ескерту хабарламалары да келді. Mass Alert жүйесі белгілі бір аумақтағы ұялы байланыс абоненттеріне ақпаратты бір мезетте жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қалада сиреналар жұмыс істеп, телеарна мен радиоэфирді жедел тоқтатып, арнайы хабар тарату тетігі іске қосылды. 

Мамандар жер сілкінісі кезінде сабыр сақтап, ғимараттан асығыс шығуға тырыспаудың маңызды екенін еске салады. Баспалдақпен жүгіріп түсуге де, жеделсатыны пайдалануға да болмайды. Ауыр жиhаз бен терезеден алысырақ тұрған абзал. Ал жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышында тұру қажет. Сондай-ақ, қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету маңызды. Ал мүмкіндік болса, газды, суды және электр қуатын өшіріп, алдын ала дайындалған дабыл дорбасын алған дұрыс. 

"Нормативтік құжаттарға белгіленбеген, бірақ ұсынылатын келесі заттар осы дабыл дорбасында болғаны жөн. Мысалы құжаттар, жабдықтар, судың қоры, пайдалануға әзір консервілер арнайы сақтау мерзімін талап етпейтін, алғашқы медициналық көмек көрсету құралдары және ауыстыратын киім-кешек, гигиеналық заттар және аспаптар", - дейді Азаматтық қорғау саласындағы ұлттық орталықтың оқытушысы Аида Сатарбаева.

Ал алматылықтар осы қарапайым 10 қадамды біле ме? Қала тұрғындары төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етіп жүр? Сұрап көрдік. 

БЛИЦ:

"Жер сілкінісі кезінде ең бастысы сабыр сақтау керек, әрине. Біз өзіміздің керек-жарақтарымызды дайындап қойған сөмкеміз бар, соны алып, асықпай, өзіміз көпқабатты үйде тұрғаннан кейін паникаға берілмей, асықпай шығуға тырысамыз", - деп түсіндірді қала тұрғыны Әйкерім Белгібаева. 

"Енді бұндай жағдайларда ең бастысы сабыр сақтап, паникаға берілмей, қауіпсіздік ережелерін сақтау керек деп ойлаймын", - деп айтты Ақерке Алтынбек. 

Сондай-ақ, азаматтардың төтенше жағдайға дайындығын пысықтау үшін Алматыда оқу-жаттығу жиыны жиі ұйымдастырылады. Ондағы мақсат біреу – табиғаттың тосын сыйына дайын болу. Одан бөлек, қаладағы үйлердің көпшілігінде 23 мыңнан аса ақпараттық тақтайша ілінген. Онда төтенше жағдай кезінде қабылдау пунктерінің мекен-жайы көрсетіледі.  

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген - Almaty TV телеарнасы. 

Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінісі тіркелді