Тұрғындар амалсыз ағаш жарып, тонналап көмір тасып әлек
Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданының халқы әлі күнге көгілдір отынға жете алмай отыр. Жұрт көрші тұрған Шу ауданы толықтай газға қосылса да, Мойынқұмдағы бірде-бір елдімекен табиғи отынға жарымай отыр деп ашынады. Амалсыз ағаш жарып, тонналап көмір тасып әлек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мойынқұм - облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудан. Мұндағы 24 ауылдың бірде-біреуіне әлі газ жетпеген. Облыстағы 10 ауданның ішіндегі жалғыз газы жоғы да осы мекен. Мұндағы 32 мың тұрғын қыс түссе, тапқан табысын көмірге жаратады. Өйткені шалғай ауданға қара отынның тоннасын жеткізу 40 мың теңгеге жеткен. Жұрт бір қыста кемі 4-5 тонна жағамыз, бұл ауыл халқына салмақ дейді.
Өйткені шалғай ауданға қара отынның бір тоннасын жеткізу құны 40 мың теңгеге жеткен. Тұрғындар бір қыста кемі 4-5 тонна отын жағатынын айтып, бұл ауыл халқына үлкен салмақ түсіріп отырғанын жеткізді.
«Мойынқұмның 60 жылдығы болайын деп жатыр. Бірақ әлі көмір жоқ! Үйіміздің, есігіміздің алдында бәріміз өз қолымызбен дәретхана, көмірхана салып алдық», – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны Перизат Сейітқұлова.
«Анау көшеде қиылған ағаштардың бәрін тасып алып, отын қылып жинап отырмыз. Тамыздыққа қолданамыз. Отын түсіреміз, көмір түсіреміз, қолымыз күйе-күйе болып от жағамыз», – дейді Мойынқұм ауылының тағы бір тұрғыны Диана Қасымова.
Ал салалық басқармадағылар алдымен аудандағы 9 ауылға газ тартылатынын айтып отыр. Ол үшін 2 жыл бұрын жобалық сметасы әзірленген. Сөйтіп былтыр құрылысын бастапты. Қазір 3 ауылдың іргесіне магистральды газ желісін жеткізген. Жауаптылар қалған 6 ауылға газ құбырын тарту тағы 4 жылдай уақыт алады дейді.
«Мойынқұм ауданындағы 9 елдімекенді толық газбен қамту жұмыстары 2026-2029 жылдарға дейін жалғасады. Бұл, әрине, республикалық бюджеттен қаражат бөлінуіне байланысты жүзеге асады», – деді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Қазыбек Қыдыров.
Жауаптылар аудан кезең-кезеңімен газдандырылады дейді. Биыл тағы 4 ауылға смета жасалыпты. Дегенмен құрылыс жұмысы жүру үшін республикалық қазынадан қаржы бөлінуі тиіс. Жалпы қазір облыстағы 86 ауыл көгілдір отынға қосылмаған екен.
Нұрғиса Қаржаубай Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Марокко қылмыскерлерді өзара ұстап беруге келісті