Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бірнеше адамның қызды күштеп көлікке отырғызып жатқаны анық көрінеді
Жамбыл облысында бірнеше жігіттен құралған белгісіз топ қызды көпшіліктің көзінше көлікке күшпен отырғызып, алып қашқан. Белгілі болғандай, біраз уақыттан кейін қыз босатылған және зардап шекпеген. Алайда полиция бұл жағдай бойынша «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бірнеше адамның қызды күштеп көлікке отырғызып жатқаны анық көрінеді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға тұрмыс құру мақсатындағы «алып қашу» операциясымен байланысты болуы мүмкін. Полиция департаменті аталған дерек әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықталғанын мәлімдеді.
"Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, тергеуге алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы — «Адам ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тараптардың бұрыннан таныс болғаны және өзара шағымдары жоқ екені анықталды", — делінген ведомство мәліметінде.
Оқи отырыңыз: Алматылық «Қайрат» Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды