Дәрігерлердің көзбояушылығы кесірінен бюджетке 20 млн теңге шығын келген
Жамбылдық дәрігерлер 730 оқушыны тек құжат жүзінде скринингтен өткізгені белгілі болды. Алаяқтық дерегі Талас ауданынан анықталып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша аудандық аурухана дәрігерлері алыс ауылдардағы 10 мектепке бармай-ақ, медициналық тексерістің ешқандай түрін өткізбей, жалған құжат рәсімдей берген.
Бір жыл бойы жасалған көзбояушылықтың кесірінен бюджетке 20 млн теңге шығын келіпті. Қазір қызметіне селқос қараған аудандық аурухананың бас дәрігері тәртіптік жазаға тартылды. Оған қоса есепші мен скринингке жауапты мамандар, бас-аяғы 12 қызметкер сөгіс алды.
«Талас ауданы прокуратурасымен жүргізілген талдау нәтижесінде 730 оқушының құқықтары қорғалып, аурухана тарапынан қайта скрининг жүргізілді. Сондай-ақ жалған скрининг нәтижесінде төленген 20 млн теңге мемлекетке кері қайтарылды. Аталған мәселе прокуратура тарапынан бақылауға алынып, талдау жұмысы жалғаспақ», - деді Талас аудандық прокуратурасының аға прокуроры Арман Сұлтанов.
Оқи отырыңыз: 130 мың қазақстандық оқушы жаңартылған мектептерде білім алуда