Жамбылдың батасын алған айтыс аңызы 84 жасқа толды

Фото Надежды Лушникоаваның жеке мұрағатынан / Коллаж
Фото Надежды Лушникоаваның жеке мұрағатынан / Коллаж

Ақын «Құрмет» орденімен және «Тіл жанашыры» сыйлығымен марапатталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін танымал ақын-импровизатор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген ірі айтыстардың жеңімпазы Надежда Лушникова 84 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Надежда Лушникованың есімі 1960–1970 жылдардағы айтыс өнерінің қайта жаңғыруымен тығыз байланысты. Оның шығармашылығы, қазақ мәдениеті мен тіліне деген құрметі, сондай-ақ жарқын тұлғасы халықтың сүйіспеншілігіне бөленді.

«Мен 1940 жылы 22 қарашада Қаскелен ауданының Шамалған ауылында дүниеге келдім. Әкем Андрей Герасимович ауылымыздағы нан зауытында жұмыс істеді. Зауыттың өнімдері ауданның барлық ауылдарына және тіпті Алматыға жеткізілетін. Анам Ирина Иосифовна Широкоступ ісмер кісі еді, пеш салумен айналысты. Оның салған пештері Бекболат (бұрынғы Первое мая) және Шамалған ауылдарындағы үйлерді ұзақ жылдар бойы жылытып тұрды. Анам өте көрікті әйел еді, тізесіне дейін түсетін қалың өрілген шашы бар, керемет әнші болатын. Ал әкемді есіме түсіре алмаймын: оны әскерге шақырғанда мен 2,5 жаста едім. 1943 жылы әкем соғысқа кетті, содан кейін біз оны көрмедік. Бір күні бізге оның хабарсыз кеткені туралы құжат келді», – деп еске алады Надежда Лушникова.

Н. Лушникованың да балалық шағы соғыс және соғыстан кейінгі қиын жылдармен тұспа-тұс келді. Оның отбасы Үшқоңыр жайлауында тұрды, сол жерде анасы биокомбинатта жұмыс істеді. Және сол уақытта кішкентай Надя Жамбыл ақынның батасын алған.

«Кішкентай кезімде анамның құрбысының үйіне еріп барып, ақ киім киген ақсақалды көрдім. Ол менің басымнан сипап, үлкен қызыл апорт алма берді. Бірнеше жылдан кейін ғана оның Жамбыл Жабаев екенін білдім. Бұл оқиғаны болашақ шығармашылығымның бастауына арналған бата ретінде қабылдадым», – дейді Надежда Андреевна.

1949 жылы кейіпкеріміз ата-әжесімен бірге Первое мая ауылына көшіп барды. Дәл осы ауылда Н. Лушникова қазақ тілінде білім беретін бастауыш мектепке барды.

«Мектепке дейін қазақ тілінде еш сөйлей алмайтын едім. Маған бұл тілді меңгеруге алғашқы ұстазым Күлтай Досымбекова мен сыныптастарым көмектесті. Осылайша қазақшаны тез үйреніп алдым», - дейді Надежда.

1957 жылы ол Қызылорда қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түсті. Алғашқы өлеңдері 1960 жылы «Отан қызы» газетінде жарияланды, оны әйгілі ақын Асқар Тоқмағамбетов байқап, «Надя, егер сіз өлең жазуды жалғастырсаңыз, тамаша ақын боласыз» деп бата береді.

Осыдан кейін Н. Лушникова Асқар Тоқмағамбетов басқаратын поэзия үйірмесіне қатыса бастады. 1961 жылдың сәуірінде Жазушылар одағындағы пленумда Надежда Лушникова алғашқы өлеңдерін оқыды. Мұхтар Әуезов оның шығармаларын тыңдап, «Пәлі, қарлығаштай құйттай орыс жүрегіңе қазақ өлеңінен қандай әдемі ұя салғансың» деп сүйсініпті. Сонда Надежда «Мен қазақ халқының да қызымын», – деп жауап береді.

Атақты Бауыржан Момышұлы 1964 жылы айтыста жеңіске жеткен Надеждаға «Поэзиялық шеберлігі үшін» деген жазуы бар алтын сағат сыйлаған.

1960–1980 жылдары Надежда Лушникова республиканың ең танымал ақындарының біріне айналды. Оның алғашқы «Елім менің» атты өлеңдер жинағы (1963) оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Ал «Көңіл хошы» (1970) кітабы үшін ол Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Надежда Лушникованың өлеңдері бірнеше рет «Қазақ поэзиясы альманағы», «Көктемгі жаңбыр» сияқты жинақтарда жарияланды.

Надежда 27 жыл бойы педагогика саласында еңбек етті: Қызылорда қыздар педагогикалық училищесінде, Ұзынағаш механизация училищесінде және Үмбеталы ауылының мектебінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытты. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Надежда Лушникова – Алматы облысы Жамбыл ауданының құрметті азаматы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, өнер қайраткері. Ол «Құрмет» орденімен және мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Тіл жанашыры» сыйлығымен марапатталған.

Новости партнеров