Зауыт басшылығы кәсіпорын сүзгілермен жабдықталып, нормаларға сай жұмыс істейді деп ақталды
Қарағандыға қарасты 500-ге тарта саяжайдың иесі биыл жеміс-жидексіз қаламыз деп ашынып отыр. Өнім түгілі, өздері таза ауаға зар болып отырған ағайын кәсіпорынның жұмысын тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Александр Сакара кеш батса, шаң-тозаң мен қою түтіннен көз ашпайтынына қынжылады. Тіпті ол жеміс-жидектің дәмін татса, көкжөтелге тұншығып қалады.
«Бау-бақша шаңның астында қалды. Жидектер де, көкөністер де қара түсті боп кеткен. Жесең, жөтел қысады. Бұл мәселе әбден шаршатты», – деді саяжай иесі Александр Сакара.
Мұндағы зауыт сәуір айынан бері толық жұмыс істей бастаған. Содан бері күндіз шудан маза қашып, түнде түтін қолқаны қабатын болған. Елдің есі кетіп, тыныштығы бұзылған.
«Зауыттан шыққан шаң не сұмдық? Ешкім үндемей отыр. Зейнеткерміз, саяжайды еңбекпен сатып алдық. Енді тастап кетуге мәжбүрміз. Құлпынай да жей алмаймыз. Картоп та өспейді. Ондай бақша бізге не үшін керек?» – деді саяжай иесі Лидия Чужинова.
Тұрғындарды тек өнім емес, халықтың денсаулығы да алаңдатып отыр. Тіпті Саяжай иелері «ауаға таралған түтін салдарынан жиі жөтеліп, көзімізге жас үйіріледі» деп ашынды. Ал жергілікті белсенділер «өндіріс орны адам өміріне қауіпті» деп дабыл қағуда.
«Заң бойынша зауыт елдімекеннен кем дегенде 1 шақырым қашықтықта орналасуы керек. Ал бізде — 50 метр. Бізді ешкім естімейді. Прокуратураға да, депутаттарға да бардық. Тіпті заңгер жалдадық», – деді қоғам белсендісі Надежда Андреевченко.
Қарағанды облысының экология департаменті зауыттың барлық рұқсат құжаттары бар дегенді алға тартты. Бірақ жоспардан тыс жүргізілген тексеріс барысында технологиялық регламенттің бұзылғаны анықталған.
«Дзержинец» бау-бақша қоғамдастығынан түскен шағым негізінде «TransMax» ЖШС-не жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеру кезінде асфальт-бетон қондырғысының жұмыс технологиялық регламентінде бір бұзушылық анықталды. Департамент әкімшілік айыппұл салды. Ол толық көлемде өндірілді. Сондай-ақ белгіленген мерзімге дейін ақауларды жою жөнінде нұсқама берілді», – деді Экология департаментінің инспекторы Темірлан Төлеутай.
Зауыт басшылығы кәсіпорын сүзгілермен жабдықталып, нормаларға сай жұмыс істейді деп ақталды. Олардың айтуынша, тұрғындар буды шаңмен шатастырып отыр.
«9000 дана сүзгі бар. Осы 9000 сүзгіден бір де бір шаң шықпайды. Тек бу шығады. Басқармадан тексерушілер келіп, бәрін тексерді, жұмыстың барлық нормаға сәйкес екенін растады. Сонымен қатар өндірістік база мен әкімшілік ғимарат үшін арнайы рұқсат бар. Содан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және басқа да органдар тексерді. Бәрі ойдағыдай», – деді асфальт-бетон зауытының басшысы Карен Ктоян.
Қазыбек би аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәлімдеуінше, зауыттың санитарлық-қорғау аймағы бойынша қорытындысы жоқ. Сондықтан кәсіпорын басшылығы 11 тамызға дейін кемшілікті жойып, құжаттарын ұсынуы тиіс. Әйтпесе, мәселе сотқа жіберіледі.
Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғай аламыз ба