ЖИ және цифрлық баспа ісі: Алматыда қытайлық сарапшылардың қатысуымен арнайы сабақ басталды
Бағдарлама аясында жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану ісі талқыланады
Қазақстан мен Қытай арасында жасанды интеллект пен цифрлық білім беру саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Алматыға «Шанхай баспа ісі және полиграфия» колледжінің сарапшылар делегациясы келді. Екі ел мамандары мегаполистегі оқу орындарының бірінде бас қосып, дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv
Кездесуде цифрлық технологиялардың кәсіби білім беру жүйесіне әсері, нейрожелілерді қолдану мүмкіндіктері және жаңа цифрлық экономикаға қажетті мамандарды даярлау мәселелері талқыланды.
«Шанхай» баспа ісі колледжімен 3 жылдан бері меморандумға отырып, академиялық ұтқырлық аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның бірі – студенттер сәуір айында екі жыл қатарынан сол «Шанхай баспа ісі» колледжінен біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасу. Яғни, практикадан өтіп келеді», – деді колледж директоры Гүлзада Абдуллаева.
«Би Шэн шеберханасы» оқу орталығында шетелдік делегация 14 қыркүйекке дейін оқытушыларға, студенттерге және бейінді кәсіпорындардың қызметкерлеріне арнайы сабақтар өткізеді. Бағдарлама аясында жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану ісі талқыланады.
Атап айтқанда, цифрлық контент жасау, интеллектуалды баспа платформаларымен жұмыс істеу, 3D-дизайн және фотосуреттерді өңдеу бағыттары қамтылған.
«Би Шэн шеберханасы» базасында жұмыс істеу – Қазақстан мен Қытайдың кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастығының маңызды бөлігі. Біз дәрістер өткізіп, тәжірибелік мысалдарды талдап, қатысушылармен бірге практикалық сабақтар жүргізіп жатырмыз. Жасанды интеллект пен цифрлық баспа ісіне ерекше мән береміз. Алдағы уақытта да бұл жұмысты қазақстандық әріптестерімізбен жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – деді сарапшылар тобының жетекшісі Мао Сяомэн.
Оқи отырыңыз: Қазақстан статистикасы ЭЫДҰ стандарттарына сай деп бағаланды